Жарты жылда отандық банктер 1 трлн теңгеден астам табыс тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы қаржы нарығындағы қазіргі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Корпоративтік несиелеу мәселесін түбегейлі шешу қажет. Экономикаға ақша керек. Өткен жылы банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңге, биыл бірінші жарты жылдықта триллион теңгеден асты. Кірістің артуы банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін пайдаланатын жоғары базалық мөлшерлеменің нәтижесі. Үкімет пен Парламент мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, осы пайданы неғұрлым әділ қайта бөлуді қарастыруы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Мемлекет басшысының айтуынша, қаржы ұйымдарының мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан түскен орасан табыстары да өзекті мәселе, оларға салық салынбайды.

«Бұл жерде логика мен мемлекеттік көзқарас жоқ. Үкімет қазірдің өзінде осы парадоксалды жағдайды түсінеді. Тиісті заңнамалық түзетулер Мәжіліске енгізілетін болады. Депутаттардан оларды мұқият қарауды сұраймын», - деді Мемлекет басшысы.