Жарты жылда табиғи және техногендік төтенше жағдайлардан 2,5 млрд шығын келді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл алты ай ішінде Қазақстанда тіркелген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саны былтырмен салыстырғанда 7,3%-ға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері 6 200 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай және оқиғалар тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға көп. Оның салдарынан 858 адам зардап шегіп, 316 азамат қаза тапты. Келтірілген материалдық шығын 2 млрд 584 млн 85 мың теңге. Техногендік сипаттағы 5 647 төтенше жағдай тіркелген. Одан 480 адам зардап шегіп, 222 адам көз жұмды», - деп жазылған Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында жарияланған жарты жыл ішіндегі жұмыстардың есебінде.

Ведомство ақпаратына сай, техногендік сипаттағы жағдайлардың 91%-ы өндірістік және тұрмыстық өрттерге тиесілі. Атап айтқанда, жарты жылда 5 139 өрт болып, одан 346 адам зардап шекті және 194 адамды ажал құшты. Сонымен қатар бұл оқиғалардан 2,2 млрд теңге материалдық шығын келді.