Жарылғыш материалдарымен жұмыс істейтін адамдарға рұқсат беруде тиісті бақылау жоқ - Гүлнәр Бижанова
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңға енгізілген бірқатар түзетулер нәтижесінде соңғы уақытта құқық қорғау органының тұлғаларға жарылыс материалдарына қатысты жұмыстарға рұқсат беру мәселесі жөніндегі құзыреті алынып тасталды. Қазіргі уақытта бұл қызмет ешқандай мемлекеттік органға бекітілмеген», - деді депутат ҚР Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында.
Оның сөзіне қарағанда, лаңкестік пен экстремизм фактілерінің жолын кесу жөніндегі заңнамалық және институционалдық шаралар кешенін қабылдау барысында өнеркәсіп мақсатындағы жарылыс заттар саласындағы үдерістерді нақты регламеттеу мәселесі де өте маңызды. Соңғы жылдары жарғыш персоналдары біліктілігінің төмендігіне байланысты жазатайым оқиғалар орын алды.
Бұдан басқа, ішкі істер органдарында кәсіпорындардан металл сынықтарымен бірге немесе өзге де тәсілдермен жарылғыш материалдарының бөлшектері шығарылатын жағдайлар тіркеледі.
Депутаттың атап өтуінше, жарылғыш материалдары айналымында жұмыс істейтін персоналдарды даярлаумен тиісті қызмет түріне рұқсаты немесе аттестаты бар ұйымдар айналасады. Аталған материалдар айналымында жұмыс істейтін персоналдың мониторингін жүргізу мен оларды есепке алу мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар Қазақстанда жарылғыш материалдарын пайдалану туралы қоймаларда сақталып отырған көлемі бойынша, осындай заттардың айналымына қатысушы субъектілер тұрғысында нақты деректер ескерілмеген.
Осы мәселелерге байланысты бірқатар шараларды қабылдау ұсынысы жасалып отыр. Бұл ретте жарғыш ісі шеберлері мен технолог мамандарды арнайы оқу орындарында даярлау; жарылғыш материалдары айналымында жұмыс істейтін адамдарды толық есепке алуды қамтамасыз ету; жарылғыш заттар айналымын бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу; тиісті ресурстары бар Ішкі істер министрлігіне жарылғыш материалдарымен байланысты жұмыстармен айналысуға адамдарға рұқсат беру құзыретін қайта беру қамтылып отыр.