«Жарылғыш зат қойылды» деп жалған қоңырау шалушыларға жаза қатаңдатылды - БҚО

ОРАЛ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Ресми мәлімет көздеріне қарағанда, өткен жылы Қазақстанда 242 жалған террор хабарламасы жасалынып, 123 факті қылмыс ретінде тіркелген.

Мұндай қылмыс жөнінен Алматы мен Астана қалалары шашасына шаң тигізбейді. Оңтүстік астанада бір жылда 21, Елордада 11 осындай қылмыс тіркелген. Батыс Қазақстан - «жарғалы», «күлін көкке ұшырғалы» жатқан жалған хабарларды көбірек таратқан Ақтөбе, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарын өкшелеп келе жатқан өңірлердің бірі. БҚО-да бір жылда сотқа дейін жеткен төрт сорақы хабарлама тіркелген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Надир Абдукаевтың айтуынша, өткен жылы елімізде жалған терроризм санаты бойынша тіркелген қылмыстық істің 36-сы сотқа жеткен.  Алайда айыпталушы адамның анықталмауына байланысты істің көпшілігі жабылып қалған. Терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлағандардың бәріне де Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242-бабына сәйкес бас бостандықтарын шартты түрде шектеу, айыппұл салу сияқты жазалар қолданылып, келтірілген залалдың орнын толтыру шаралары алынған.

Жалған терроризмнің басты себептері бұл жөніндегі құқықтық насихат пен заң сауаттылығының төмендігі ғана емес, екінші жағынан, қолданыстағы заң санкцияларының  жеңілдігі болып келгені жасырын емес. Мәселенің өзектілігі мен осыншама алаңдатарлық жағдайға дейін жетуі заң шығарушылардың да назарынан тыс қалған жоқ. 2012 жылы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242-бабына өзгерістер енгізіліп, заңның жазалау санкциясы қатаңдатылды. Мәселен, өзгеріс енгізілгенге дейін заңның 242-бабына сәйкесті дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау - екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, енді енгізілген өзгерістерден соң  заңның 242-бабына сәйкесті дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау -  екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткіші мөлшерде айыппұл салуға, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Демек, жаза қатаң. Мұны жұртшылық білуі тиіс. Жалған терроризмнің шалығы ендігі жерде бірнеше жыл темір тордың ар жағынан телміртіп қоюы әбден ықтимал.