Жарыс үстінде арғымағын айырбастамас болар - К. Сағадиев

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» мәселені талқылау барысында депутат Кенжеғали Сағадиев референдум бастамашылдығын қолдай келе, Н. Назарбаев бастаған реформалардың ары қарай жалғасуына тиісті жағдайды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Сөз арасында депутат Елбасының Қазақстан мемлекетін қалыптастыру барысы мен одан кейінгі жылдары халқының мерейін асыруға сіңірген еңбектеріне тоқтала келе, әлемнің Қазақстанды тануына Н. Назарбаевтың тікелей қосқан үлестерін де айтып өтті.

«Президент Н. Назарбаев әлемде беделді, оның пікірімен үлкен-кіші санасатын қайраткер екеніне біздердің де көзіміз жетті. Елбасының сындарлы саясаты әлем елдерінен көптеген қолдау тауып, өз ішіндегі реформалар тоқтамай, оны ешнәрсеге алаңдамай жүргізуге мүмкіндік берді. Оның жемісті нәтижесі баршаңызға белгілі», - деді К. Сағадиев.

Сонымен қатар жұрт алдында өте күрделі онжылдықтың тұрғанын атап айтқан депутат, осы мерзім ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық саласын барынша жарақтандырып, жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін атап өтті. «Білетін адамға бұл - жарыс, бәсеке. Оны жеңу үшін осындай ұлы іске тәжірибесі мол, барынша шыңдалған қайраткер басшы қажет. Ол - өткен һәм болашақ реформалардың архитекторы Н. Назарбаев. Жарыс үстінде арғымағын айырбастамас болар. Біз де әлем таныған қайраткерімізді алдағы әлемдік деңгейдегі бәйгеге қосайық. Ел тізгінін Н. Назарбаевқа тапсырайық. Сонда жүлделі болатынымызға күмән жоқ», - деді К. Сағадиев.