Жас әйелдер арасында жұмыстан шығып қалу үрейі бар - Раушан Сәрсембаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда гендерлік теңсіздіктің белгілері бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева мәлім етті.

«Бұндай жағдай жүкті және еңбек тәжірибесі жоқ жас әйелдерді, сондай-ақ қырық жастан асқан әйелдерді жұмысқа қабылдау мен шығару кезінде байқалуда. Зейнеткерлік жасқа жақындаған әйелдердің жұмысқа орналасуында кейбір қиындықтар бар», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, жұмысқа орналасу тұрғысында тұрмыс құрған жас қыздар арасында бүгінде үрей пайда болған.

«Маған жұмыстағы жас қыздар келіп, «жақында күйеуге шықтым, мені жұмыстан шығармайсыз ба?» деп сұраған кездер болды. Бұл барлық жерлерде бар мәселе және ол жария етілмейді. Осы орайда жас әйелдер арасында бұндай үрей бар. Біз тиісті түсіндіру жұмыстары барысында олардың құқықтарын қорғау жұмыстарына ерекше мән бермекпіз. Байланыс желісін ашамыз, оған кез келген ауылдан телефон шалып, кеңес алуға мүмкіндік болады», - деді ол.