Жас боксшыларымыз Азия чемпионатында 6 алтын, 1 күміс және 3 қола медальге ие болды (ФОТО)

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бокстан жастар арасында Азия чемпионаты Қазақстан командасы үшін жемісті жеңіспен аяқталды. Қаладағы Қазақстан мұз сарайында алты рет Әнұранымыз шырқалды. Жас спортшыларымыз алтынға қоса күміс және қола медальдерді олжалады.

Он боксшымыз турнирдің ақтық сынына шығып, барлығы да марапатталды.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі жастар құрамасының бапкері Ғалым Кенжетаевтан өзінің шәкірттеріне көңілі тола ма, деп сұрап жатқан кезде ол: «әлі бәрі жекпе жегін аяқтаған жоқ, сондықтан әзірге баға беруге ерте» деп жауап қатты. Осы кезде залда бесінші мәрте Қазақстанның көк байрағы желбіреп жатқан еді.

Залға жиналған жанкүйерлер «Қазақстан» деп қол соғып, ұрандатып жатқаны жас спортшыларымыздың жетістігіне берілген баға болатын.