Жас буын елдің болашағын, мемлекеттің дамуын тек Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланыстырады - Н.Өтешев

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Қазақстан - 2020» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясын қолдау мақсатында Астанада «Жастар ел бірлігі үшін» конференциясы өтті.

Жиынды Астана қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің жастар қанаттары ұйымдастырды. Конференция жұмысына республикалық жастар қоғамдық бірлестіктерінің көшбасшылары, елордалық этно-мәдени бірлестіктерінің жас өкілдері, Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының өкілдері, «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты.

«Өңірлердегі жастар Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдумды өткізуге, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму кезеңі біздің Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басқаруымен өтуіне бірауыздан келісетіндіктерін айтып отыр»,-дейді «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы бейбітшіліктің, бұлжымас толеранттылықтың басты негізін ҚР Президенті Н. Назарбаев қалап берді. Сондықтан жастар елдегі тыныштықтың ұйытқысы ретінде Н.Назарбаевтың мемлекет басқаруындағы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту - Қазақстан халқы үшін қажетті қадам деп есептейді.

«Бүгінгі уақытта жастар, Қазастанның 20 жыл ішінде сыртқы және ішкі саясатта, экономикада, мәдениетте болған қарқынды дамуына қарап, қазіргі Мемлекет басшысына тең келер балама тұлғаның жоқ екенін түсінеді. Сол себепті жас буын елдің болашағын, мемлекеттің дамуын тек Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланыстырады»,-деп атап көрсетті Н. Өтешев.