«Жас ғалым» форумы: 300-ге жуық постдокторант жобасын сәтті аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жас ғалымдардың I Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.
Еуразия ұлттық университетінде I Республикалық «Жас ғалымдар» форумы өтті, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас ғалымдар жиналды.
— Форумға қатысушылар «Жас ғалым» бағдарламасын — елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі бастама, сондай-ақ ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісіекенін, бұл бастама — ғылымды өмірлік бағдар етіп таңдаған талапты жастар үшін әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі зерттеушілердің жартысына жуығы — 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар, — делінген хабарламада.
«Жас ғалым» гранттық бағдарламасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаның мақсаты — постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту.
Осы жылдар ішінде конкурстық жолмен 688 грант бөлінді.
«Жас ғалымдар» еліміздің 18 өңіріндегі 74 ғылыми мекемеде ғылымның әртүрлі саласында табысты жұмыс атқарып келеді. Өткен жылдың соңында 300-ге жуық постдокторант өз жобасын сәтті аяқтап, тағы жүздегені ғылыми ізденістерін жалғастыруға кірісті.
Бағдарлама жүзеге асырылған үш жылдың ішінде жүздеген сапалы ғылыми еңбек жарық көріп, докторлық диссертациялар жоғары деңгейде қорғалды. Сонымен қатар, бірқатар ғылыми жетістіктер нақты өндірістік салада қолданыс тауып, практикалық мәнге ие болған.
Біздің ғылыми зерттеулеріміз — ядролық энергетикадан бастап молекулалық биологияға, құрылыс пен жол саласына арналған материалдардан мұнай-химия, экология, геоақпараттық модельдеу мен ақпараттық технологияларға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Бұл ізденістердің нәтижелері Қазақстанның өркендеуіне нақты үлес қоса алатын әлеуетке ие.
Форум қатысушылары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ғылымды жан-жақты қолдағаны үшін ерекше алғыс білдірді. Бұл қолдаудың нақты нәтижесі ретінде білім мен ғылымды қаржыландырудың қомақты артуын, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануын, докторантураға бөлінетін грант санының көбеюін, стипендия мөлшерінің өсуін, үздік әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, зертханалардың жаңартылуын, жетекші шетелдік ЖОО филиалдарының ашылуын, жас ғалымдарға пәтерлердің тегін берілуін және «Жас ғалым» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Нәтижесінде, қазіргі таңда ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдардың тең жартысын 40 жасқа дейінгі жас зерттеушілер.
— Жас ғалымдар ең сәтті инновациялар адамдардың қажеттіліктерін терең түсінуден және миллиондаған адамдардың өміріне жақсы әсер ету ниетінен туындайтынын атап өтті. Ғалымдардың атом энергетикасы, жасанды интеллект технологиялары, құрылыс, экология, геодезия, лингвистика, археология, аграрлық ғылымдар және басқа да салаларда жүргізген зерттеулерінің нәтижелері Қазақстанның дамуына үлес қосып, халыққа қызмет етсе деген ниеттерін білдірді, — деп жазды ведомство.
Ғалымдар кез-келген басқа саладағы сияқты ғылымдағы жеңістерге тек қажымас еңбек, білім іздеу, мақсатқа ұмтылу, әлемге ашық болу және оны жақсартуға деген жоғары ұмтылыс арқылы қол жеткізілетініне назар аударды. Форумға қатысушылар дарынды жас қазақстандықтарды ғылыми зерттеулерді өмірлік жұмыс ретінде таңдауға шақырды.