Жас ғалымдар жұмылдырылған жобалардың ауқымы қандай

Фото: Ғылым комитеті

АСТАНА. KAZINFORM — Жас ғалымдарға арналған конкурстар бойынша 700-ге жуық жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті. 

— Қолданбалы зерттеулер саласында жұмыс істейтін ғалымдардың жалақысына арттырушы коэффициент енгізілді, сондай-ақ «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізіледі. Жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстары және «Жас ғалым» жобасы аясында осы жылы 690 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде «Жас ғалым» жобасы бойынша 483 жоба қамтылған, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, қазір ғылыми қызметкерлерді, соның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдауды кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр. Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар үшін берілетін қосымша төлемдер ұлғайтылды, халықаралық тағылымдамалар жалғасып жатыр, жыл сайын «Үздік ғылыми қызметкер» атағы бойынша 50 сыйлық, ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар, соның ішінде дарынды жас ғалымдарға арналған 50 стипендия бөлінеді.

Бұған дейін ЖОО оқытушыларына шетелде тағылымдамадан өтуіне қаншалықты жағдай жасалғанын жазған едік

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі.