Жас ғалымдарға баспана берілді

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 10 жас зерттеушіге жаңа пәтерлердің сертификатын салтанатты түрде табыс етті. Бұл бастама — отандық ғылымның әлеуетін арттыруға және талантты мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті. 


Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдау жөніндегі тапсырмасы нақты істермен жалғасын тауып жатыр.

Баспаналы болған ғалымдардың қатарында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ биотехнология және микробиология кафедрасының доцент м. а. Жадырасын Нұрбекова бар. 

— Ғылымға студенттік кезден келіп, бүгін соның жемісін көріп отырмын. Мұндай қолдау жас мамандарға үлкен серпін береді, — дейді ғалым.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл көмек жас ғалымдардың тұрмыстық мәселесін шешіп, олардың жаңа ғылыми жобаларға еркін шоғырлануына жол ашады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пәтер иелері қатарында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Энергетика институтының «Электр техника және автоматтандыру» білім беру бағдарламалары тобының қауымдастырылған профессоры Ермек Сарсикеев бар.

Ол ғылыми-педагогикалық қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін шынайы алғысын білдіріп, жасалып жатқан жағдайлар кәсіби тұрғыда өсуге, ғылымды дамытуға және Қазақстандағы білім беру сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар – адам капиталына басымдық беріліп отырғанының, ғылыми әлеуетті нығайтудың және жас ғалымдар мен оқытушыларды жаңа жетістіктерге ынталандырудың айқын көрінісі.

Бұған дейін 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы берілгенін жазған едік.