Жас ғалымдар мәртебесі артса деймін - С.Ғиззатов, «БҚО жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жастарды ғылымға тартуға ерекше мән берілуі керек. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан бесінші Азаматтық форумға Батыс Қазақстан облысынан қатысып жатқан делегаттың бірі, «БҚО жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу жұмыстары бөлімінің жетекшісі Саялбек Ғиззатов мәлім етті.

«Қазіргі кезде ғылымда үлкен жаңалықтар болып жатыр. Биылғы 18 ақпанда «Ғылым туралы» ҚР Заңы қабылданды. Соған сәйкес елімізде нақты жұмыстар атқарылуда. Форумнан күтетінім - жас ғалымдарды қолдауға бағытталған игі бастамалар көтерілсе екен. Соның ішінде ғылымға бөлінетін қаражат, жас ғалымдар мәртебесін көтеру, ғылыми жобалар санын арттыру мәселелері шешілсе, оңды болар еді. Әсіресе, жастарды ғылымға тарту жөнінде нақты шаралар алынуы қажет деп есептеймін», деді С.Ғиззатов.