TEDxZhenysPark ұйымдастырушысы әрі «Simba’s School» мектебінің директоры Сымбат Паяеваның айтуынша, көне Түркістан бүгінде технологиялық прогресс пен болашаққа қатысты маңызды мәселелер талқыланатын жаңа зияткерлік алаңға айналып келеді.
– Түркістан – ежелден түрлі мәдениеттер мен идеялар тоғысқан мекен. Бүгінде бұл қала болашақ, жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелерін талқылауға өте қолайлы ортаға айналып отыр. Біз технологиялық өзгерістер туралы айттық, бірақ оны өз құндылықтарымыз бен мәдени кодымыз арқылы түсіндіруге тырыстық. Мұндай алаңдар әр өңірден, тіпті өзге елдерден де белсенді әрі ізденімпаз адамдарды жинап, жаңа серіктестіктердің қалыптасуына мүмкіндік береді, – деді ол.
Конференцияға түрлі саланың өкілдері қатысып, өз тәжірибелері мен идеяларын ортаға салды. Жалпы TEDx сахнасына 9 спикер шықты. Оның алтауы әйел, үшеуі ер азамат болды.
Ұйымдастырушының пікірінше, жобаның басты ерекшелігі – Қазақстан тарихындағы толықтай қазақ тілінде өткен алғашқы ресми TEDx конференциясы болуы.
– Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Көпшілік күрделі идеялар мен терең мазмұндағы тақырыптарды қазақ тілінде қаншалықты табиғи әрі түсінікті жеткізуге болады деген сауал қойды. Алайда іс-шара жоғары деңгейде өтіп, мұндай күмәннің орынсыз екенін көрсетті. Конференция қазақ тілінің тек күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, инновация, кәсіпкерлік және интеллектуалдық пікірталастар тілі бола алатынын дәлелдеді, – деді Сымбат Паяева.
Оның айтуынша, жобаны ұйымдастыру кезінде TEDx форматының ерекшеліктерін түсіндіру негізгі қиындықтардың бірі болған.
Соған қарамастан, іс-шараға жиналған аудитория спикерлердің баяндамаларына белсенді қатысып, талқылаулар конференция аяқталғаннан кейін де жалғасқан.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта TEDx жобасының ауқымын кеңейтіп, Орталық Азия мен Еуропа елдерінен сарапшылар тартуды жоспарлап отыр.
– Алғашқы TEDx жастардың сапалы білімге, жаңа идеяларға және цифрлық трендтерге деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Бұл бағыттың болашағы зор, – деп түйіндеді Сымбат Паяева.
Айта кетейік, түркістандық түлек әлемнің 80-нен астам жетекші университетінен шақырту алды.