Бұл туралы бүгін Астанада конкурсанттармен болған кездесуінде байқау продюсері Мұрат Ерғалиев мәлім етті.
«Кеше біз интернет арқылы көрсетілім жүргізуді ойластырған болатынбыз. Алайда техникалық тұрғыда біз соңғы секундта ол ойдан бас тарттық. Бірер аптадан соң байқаудың ең үздік орындалған әндерін интернетке шығаратын боламыз»,-деді М. Ерғалиев.
Еске сала кетейік, жас орындаушылардың осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отырған байқауы елордамызда 27-29 мамыр аралығында өтпек.
Биылғы байқау ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, сондықтан да фестиваль қатысушылар үшін де, көрермен үшін де ерекше болмақ. Биылғы байқауға қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 150 астам жас әнші ниет танытқан. Солардың арасынан республиканың 10 өңірінен келген 15 үміткер іріктеліп алынды.
«Жас Қанат» - Қазақстан тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан еліміздің ең ірі ән байқауларының бірі. 20 жыл ішінде ол Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Жанна Орынбасарова, Бақыт Шадаева, Құрмаш, «Дервиши», «Үркер» топтары, Нұрлан Абдуллин, Гүлнұр Оразымбетова және Мадина Сәдуақасова, Бейбіт Қорған мен Маржан Арапбаева сынды әншілердің отандық шоу-бизнестің шыңына шығуына көмектесті.