Жас қарағандылықтарға әлеуметтік жобаларды дамытуға миллион теңгеден бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда Үйлестіру кеңесі пилоттық режимде өз жұмысын бастайды. Ол жастарды белсенді қоғамдық өмірге тартумен айналысады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қарағандылықтарға үш-бес адамнан топтасып, әлеуметтік жоба әзірлеу ұсынылады. Жоба коммерциялық та болуы мүмкін. Мысалы, аяқ киім жөндеу шеберханасы немесе әлеуметтік маңызды тауарлар дүкені. Содан кейін жобаны конкурстық комиссияға ұсыну қажет. Жүргізілген іріктеудің қорытындысы бойынша жастар бес айлық курстарға жіберіледі. Осы уақыт ішінде олар өз жобаларын пысықтап, шәкіртақы алып тұрады. ЖОО-лар мен колледждердің түлектеріне 61 000 теңгеден, ал білімі жоқтарға - 26 000 теңгеден төленеді.

«Сабақ кестесі икемді болады, - дейді үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким. - Жастарға жұмысты немес оқуды тастау қажет емес. Кешкі алтыға дейінгі сегіз сағаттық жұмыс күні болса да, олар демалыс күндері және кешкі уақытта білім ала алады».

Курс соңында әлеуметтік жобаларды одан әрі дамыту үшін гранттар беріледі. Ең жоғары грант сомасы - 1000 000 теңге.

Жобаны ұйымдастырушылар «қиын» жастарға - жұмыс істемейтін және еш жерде оқымайтындарға ерекше көңіл бөлмек.

«Біз ешкімді де мәжбүрлемейміз, - дейді Вера Александровна. - Бұл - пилоттық жоба, біз алдымен қалай болатынын, нені өзгерту, нені қосу керегін көреміз. Белсенді жастар да тартылады, олар жоба туралы үгіт-насихат жүргізеді деп үміттенеміз».

Әзірге үйлестіру агенттіктері еліміздің төрт облысында, атап айтқанда, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында ашылады. Алдағы үш жарым жылда оны кеңейту жоспарланған. Жобаның демеушісі - Халықаралық қайта құру және даму банкі.

Жоба туралы толық ақпаратты +7 701 227 89 58 телефоны бойынша немесе press@zhasprojekt.kz электронды поштасы арқылы алуға болады.