Жас қыздарды жұмысқа тартып, вебкам-студиялар ашқан қылмыстық топ 1 млрд теңге пайда тапқан

Фото: ШҚО ПД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері вебкам-студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған қылмыстық топтың жолын кесті.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары интернет арқылы Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратқан қылмыстық топты әшкереледі.

- Бұл топ «модельдік агенттік» деген атаумен елдің 10-нан астам қаласында, соның ішінде Өскеменде вебкам-студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартып, айына 2 млн теңгеге дейін табыс табуға болады деп уәде берген, - делінген ақпаратта.

Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, ұйымдастырушылар 1 млрд теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды.

- Тінту кезінде 120-дан астам компьютер, веб-камера, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалар тәркіленді. Қазіргі таңда бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталды. Олардың арасында осы бизнесті ұйымдастырған негізгі адамдар да бар. Тергеу аяқталуға жақын, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облысында 77 жүк көлігін заңсыз тіркеген ұйымдасқан топ ұсталғаны хабарланған