«Жас Отан» мен «Самұрық-Қазына» арасында меморандумға қол қойылды
16:04, 16 Наурыз 2009
АЛМАТЫ. Наурыздың 16-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арасында меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат студенттердің бәскеге қабілетті маман болуларына ұмтылыстарын қолдауға арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меморандум Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н. Назарбаевтың 2009 жылғы ақпанның 12-сінде болған «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының мәжілісінде партия жастар қанатының қиын-қыстау кезеңде студенттерді қолдау мен жоғары оқу орындарындағы «үздік» және «жақсы» бағалармен оқитын аз қамтылған және орта табыс деңгейіндегі отбасыларынан шыққан 2-3 курс студенттеріне білім беру қолжетімділігін арттыру мақсатында Бүкілқазақстандық марафон өткізу бастамасын қолдау қажет екендігі туралы тапсырманы жүзеге асыру аясында қол қойылып отыр. «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Әйтекеновтың айтуынша, «Самұрық-Қазынаға» қарасты еншілес компаниялар атынан студенттік гранттар мен стипендиялар бөліну үстінде.Үстіміздегі жылғы наурыздың 1-інде жарияланғандай, ЖОО мен студенттердің өздері «Альянс Банк» АҚ бөлімшелерінен несие алу арқылы мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Бұл шара еліміздің 30 мыңнан астам студентін қамтиды деп күтіліп отыр.