«Жас Отан» жастар қанаты Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмыстарына белсене кірісті
«Бүгін біз «Шанхай» орталық базарының қызметкерлерімен кездесу өткіздік. Мұндағы басты мақсатымыз бір жыл бойы жұмыс істеген кеңес орталығы туралы түсіндіру жүргізу еді. Мұнан бөлек, өздеріңіз де білетіндей, осыдан бірер күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа өз Жолдауын арнаған болатын. Оны да базарда қызмет ететін жастарға түсіндірейік деп шештік», дейді «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филилалының төрағасы Мұхамеджан Болысбек.
Оның айтуына қарағанда, базарда 1 жылға жуық уақыттан бері кеңес орталығы жұмыс істеуде. Орталықта жұмыспен қамту орталықтарының, Тұрғынүйжинақбанкінің өкілдері келушілерге өздерін толғандырған сауалдарға қатысты кеңес беріп отырады. Мұнан бөлек, келушілер өз ұсыныстарын да жасай алады.
«Біз алдағы уақытта ұсыныстарды жинақтап, «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөліміне жеткізіп отырамыз және олардың жүзеге асырылуына септігімізді тигізбекпіз. Мұнан бөлек біз Елбасының Жолдауына байланысты Астанананың барлық жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы уақытта дейін 8 оқу орнында болдық»,- деді Болысбек.
Айта кетейік, шараға «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының өкілдері, базар қызметкерлері мен саудагерлер қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауап алды.