Жас сарбаздар әскери қайраткерлермен жүздесті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мемлекет және әскери қайраткерлер мен «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында тағылымды кездесу өтті. Өнер музейінде ұйымдастырылған басқосуда қатысушылар алдымен ұлттық аспаптардың тарихымен танысты.
Өнер музейі 2025 жылдың 9 қазанында ашылды. Мұнда қазақ халқының бай музыкалық мұрасы кеңінен ұсынылған. Экспозицияға сазсырнайдың әлемде кездесетін 400-ден астам түрі қойылған. Сондай-ақ, ертеден жеткен ұрмалы-соқпалы және сілкімелі аспаптардың 20-дан астам үлгісі бар.
Кездесуде екі буынды да қызықтырған көне үрмелі аспаптың бірі — керней. Бұл аспап ерте заманда әскери мақсатта пайдаланған. Керней арқылы жаугершілік заманда атой шақырып, дабыл қағып, хабар таратқан.
Іс-шара аясында «Joshy Qazaq National Group» ансамблі өнер көрсетті. Ұжым музей төрінде тұрған әр аспаптың тарихын таныстырып, жанды дауыста бірнеше музыкалық шығарма орындады.
— Жетінші мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай Өнер музейіне келдік. Іс-шара барысында әскери қайраткерлермен кездестім. Түрлі тарихи шайқастарда қолданылған ұлттық аспаптармен таныстым. Сол кезеңдерде орындалған күйлерді тыңдадым. Жанды дауыста орындалған шығармалар ерекше әсер қалдырды. Әуендер бойыма рух берді. Көне заманның тынысын сезінгендей күй кештім. Көргенім мен естігенімнің бәрі көңілімнен шықты, — дейді «Жас сарбаз» тәрбиеленушісі Әмина Тұрғын.
Кездесу соңында мемлекет және әскери қайраткерлер жас буынға ізгі тілектерін жеткізді. Олар Отанға адал қызмет етудің маңызын атап өтті.
— Біздің кездесуіміз Қарулы күштер күніне орай өтті. Өкінішке қарай, мұндай орталықтың бар екенін бұрын білмеппіз. Іс-шара бізге үлкен әсер қалдырды. Бір сәтке бабалар дәуіріне енгендей күй кештік. Сондықтан мұндай танымдық кездесулер жастар үшін аса маңызды деп санаймын, — дейді Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев.
Айта кетейік, Астанада мыңға жуық ұлан алаяқтықтан қорғану тәсілдерін меңгерді.