Жас сарбаздарды батырлар үлгісі негізінде тәрбиелейміз – әскери тәрбиеші

ОРАЛ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының 1993 жылы 19 қаңтардағы Жарлығымен еліміздегі әскери құрылымдарда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс лауазымдары бекітілді. Сол сәттен бастап әскери құрылымдардағы тәрбие және идеологиялық жұмыс айтарлықтай дамып, 19 қаңтар әскери тәрбиешілердің мерекесі болып танылды.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы орайда ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517-әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, капитан Таңат Мансұр осы қызметке қалай келгені, өзінің өмірлік ұстанымы жөнінде әңгімелеп берді.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

- Таңат Маратұлы, қазіргітаңдаелімізде 30 жылдық тарихы бар тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс саласы қызметкерлерінің бірі екенсіз. Ең алдымен мейрамдарыңыз құтты болсын! Ең алдымен өзіңіздің бойыныздағы ұлтжандылықты, патриотизмді қалыптастырған орта және өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз ?

- Құттықтауыңызға рахмет. Мен 1994 жылы 21 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Мараттың ауылда өзінің жеке шаруашылығы бар. Ал анам Марияш мектеп-интернатта тәрбиеші қызметінде жұмыс істейді. Біздің отбасымызда үш ұл, екі қыз бар. Мен сол үлкен отбасының екінші перзентімін. Жастайымнан атам мен әжемнің тәрбиесін көргендіктен шығар, сірә, бойымда бауырмалдылық пен жауапкершілік қасиеттері өте жоғары деңгейде қалыптасты. Себебі бала кезімде атам көптеген ақын-жазушылардың нақыл сөздерін санама құятын. Солардың бірі, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» деген сөзі менің өміріме ерекше әсер еткен өсиеттердің бірі десем болады. Әрине, бала кезімде атам мен әжем бұл өмірге адам болып келген соң, адамгершілікті сақта, өз атыңа дақ түсірме, өмірді адал сүр деп әрдайым өздерінің өсиеттерін айтып отыратын. Осылайша, бала кезімнен бастап өзімнің артымнан ерген бауырым мен қарындастарыма қамқор болып қана қоймай, оларға үлгі болуға тырыстым. Ата-анама үй шаруасына көмектесіп, өзімнің қолымнан келгенін жасайтынмын. Әрдайым өзімнен үлкендердің сөздерін тыңдап қана қоймай, артымнан ерген бауырларымның қамқоршысы болуға тырысатынмын.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

- Шындығында да керемет, қазақта атасы мен әжесінің тәрбиесін көру бала үшін бір ғанибет. Бала кезіңізде өте бауырмал болыпсыз, ал сол бауырмалдылық мектеп қабырғасына келген соң өзгеріп кетпеді ме ?

- Жоқ. Мектепте сотқар балалардың арасында өскенмін, алайда бұл орта менің Отанға деген ыстық ықыласым мен ілтипатымның жоғары болуына еш кедергісін келтірмеген. Амангелді ауылында кішігірім мектепте білім алдым, сонымен қатар спортқа деген құлшынысым жоғары болып, грек-рим, қазақ күресімен айналысқанмын. Балалық шағымда спортқа ғана көңіл бөлмей, ұлы ақын-жазушыларымыздың кітаптарын оқып, сол кітаптардан өнеге-білім алдым. Мен бала күнімнен арманшыл бала болып өстім. Қиялға беріліп, көп армандайтынмын. 1999 жылы анамның інісі, менің нағашы ағам Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институтты бітіріп, біздің үйімізеге әскери форма киіп келгенде, қызығушылығым оянып, әскери салаға көз сала бастағанмын. Осылайша, бала күнімнен-ақ иығыма пагон тағып, әскерилер қатарында болғым келгендіктен, мектеп бітірген соң Петропавл қаласында орналасқан әскери институтқа тапсырып көрген едім. Алайда алғашқы екі жыл қатарынан белгілі бір себептерге байланысты түсе алмадым. «Батыр айтпас, айтса, қайтпас» дегендей, өз мақсатыма үшінші жылы жеттім. Әскери институт қабырғасына түскен соң жас сарбаздар бойында ұлттық құндылықты, ұлттық мінезді қалыптастыру мақсатында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс кафедрасын таңдап, осы бағытта 4 жыл оқып шықтым.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

- Әскери салаға келуіңіз шынында да оңайға соқпаған екен. Содан кейінгі жолыңыз қалай өрілді ?

- Институттан кейін ең алдымен Ұлттық ұланның Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548-әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Еңбек жолымды Жаңаөзен қаласынан бастадым. Кейін Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517-әскери бөліміне ауысып келдім. Мұнда бастапқыда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының жастармен жұмыс жасау бойынша көмекшісі қызметіне тағайындалдым. Шынына келгенде, жастармен жұмыс өзіме қатты ұнайтын. Бұл қызметте өзіңді тек әскери саладан ғана емес, шығармашылық жақтан да шыңдай аласың. Міне, қазір 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары қызметін атқарып жүрмін. Енді неліктен әскери тәрбиеші мамандығын таңдағанымды тағы бір нақтылайын. Ең әуелі әскерге келген жас сарбаздар бойында Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қасиеттерін қалыптастыру менің осы жолды таңдаудағы басты мақсатым болды. Әбу Насыр Әл-Фараби атамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, әскерге келген әрбір жас сарбаз көптеген білім алады, алайда білім мен тәрбие қатар жүрмесе, бұл берілген білімнің еш пайдасы болмайды. Әскерге келген жас сарбаздарды осында келгеннен сәттен бастап жеке тәрбиелеу керек. Оған қоса тәртіп – әскери өмірдің ең маңызды бөлігі. Міне, осы жас сарбаздарға тәрбие беріп, өзімнің бір үлесімді қоссам, менің өмірлік миссиям орындалады деп есептеймін.

- Сіздің өмірлік ұстанымыңыз туралы біле алдық, ал әскердегі жас сарбаздар бойындағы отансүйгіштік патриотизмді қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі ?

- Сарбаздарға біз оқу пунктіне келген күнінен бастап, қызметке түсер барысында аптасына үш рет әртүрлі тақырыптарда тәрбие сағаттарын, тақырыптық кештер өткіземіз. Осындай іс-шараларды өткізу арқылы біз жас сарбаздардың бойында Отанға деген ыстық сезімдерді оятып, отансүйгіштікті қалыптастырамыз. Бұл іс-шараларда көбінесе батырлар мен бабалар қалдырған өнеге-үлгі бойынша тәрбиелеуге тырысамыз. Өз басым осындай тақырыптық кештер мен тәрбие сағаттарында Бауыржан Момышұлының, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Маметованың жүріп өткен жолдарын, бастарынан кешкен қиыншылықтарын ашып айтуға тырысамын. Көбіне Ілияс Есенберлиннің өзіме ұнайтын «Көшпенділер» атты кітабынан үзінді оқығанды құп көремін. Оған қоса біз қазіргі бейбіт күннің батырларын айтып, олардың жасаған ерліктерін көрсетеміз. Сонымен қатар біз сарбаздарға мемлекеттік құқықтық даярлық, атыс өнері дайындығы секілді көптеген пәндерді жүргіземіз. Себебі жас сарбаздар бойында батырларымызда бар қасиеттерді қалыптастыру – біздің мақсатымыз. Батыр болу – соғысқа барып, жаумен соғысу емес, батырлық деген – қызметіңе адал болу, әр істі шын көңілмен істеу деп есептеймін.

Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

 

- Иә, дұрыс айтасыз, батырлық деген қолға қару алып, соғысу емес, батырлық деген адам бойындағы қасиет. Ал сіз қазіргі заман жастарының бойындағы сол қасиетті қалай бағалайсыз ?

- Жастарымыздың бойында Отанға деген ыстық сезім бар. Көптеген сарбаздар әскерге Отан алдындағы борышымды өтеймін деген мақсатпен келеді. Бұл, әрине, бізді, әскери тәрбиешілерді қуантады. Себебі біздің қазақ жастарының бойында бұл қасиеттер отбасынан бастап қалыптасады. Көптеген жастарымыздың көздерінде әскерген келген шақтарында жалындаған от болады. Ал, біз, әскери тәрбиешілер осы отты одан да маздатып жандырғымыз келеді. Басқаларының да бойында Отанға деген патриотизмді қалыптастыру – біздің жұмысымыз. Қалған жастардың көздерінде осы отты жағу үшін аянбай еңбек етеміз.

- Ұлттық мінез жөнінде не айтар едіңіз ?

- Бұл бағытта жұмыс істеу үшін ең алдымен біз бұл қасиеттерді өзіміздің бойымызда қалыптастыруымыз керек. Сондықтан мен өз бойымда осы қасиеттерді арттыруға тырысамын. Былай қарап отырсақ, қазіргі жастар өте алғыр. Осындай қасиеттің арқасында сарбаздармен жұмыс істеу қатты қиынға соқпайды. Себебі қазіргі жастар ақылды, білім мен біліктілігі бірдей десем, артық етпес. Ал олардың бойында ұлттық мінезді қалыптастыру үшін ең алдымен мен жұмысты еліміздің заңнамаларын үйрету мен оқытудан бастаймын. Еліміздің тарихы мен көрген қайғы-қасіреттерін ашып айту арқылы олардың елге, жерге деген көзқарастарын өзгертуге болады. Себебі, бала кезімде менің ұлтқа деген ыстық-ықыласымды ашу үшін атам мен әжем Желтоқсан оқиғасын, халқымыздың көрген бейнетін жасырмай айтып беретін. Сол себепті жас сарбаздар бойында бұл қасиетті қалыптастыру үшін тарих беттерінен сыр шертіп, қызмет атқарамыз.

- Сарбаздардың бойында ұлттық мінез қалыптастыру үшін сізде де бағыт-бағдар беруші адам болуы керек. Өзіңіздің осы саладағы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс барысындағы жетекшілеріңіз туралы айтып өтсеңіз ?

- Дұрыс айтасыз, әрбір адамның өмірде өзінің жетекшісі, пір тұтатын адамы болады. Менің де өмірімде пір тұтатын адамдарым көп. Бала күнімде әкем мен атам, өмірде ұлы Абай, Бауыржан аталарым болса, әскери өмірде менің жетекшім деп білетін бірнеше адам бар. Атап айтар болсам, ең алғашқы осы саладағы жетекшім, Ұлттық ұланның 6655-әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары Асқар Серікұлы Мауғазин бола білді. Қандай да бір табыс-жетістіктерге қол жеткізсем, ол – осы алғашқы ұстазымның арқасы. Сонымен қатар мен өзіме үлгі ретінде Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Алазов Бақыт Мағауұлын атар едім. Осындай жандардан мен жас сарбаздармен жұмыс жасауды, тәрбиелік жұмыстар жүргізуді және олардың бойындағы ұлттық мінез бен патриотизмді қалыптастыруды үйрендім.

- Жастарға берер ақыл-кеңесіңіз қандай ?

- Осыған дейін айтқанымдай, мен Абай атамызды өмірлік жетекшім деп танимын. Сол себепті менің өмірлік ұстанымым Абай атамыздың «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету арманым» деген сөзімен ұштасады. Жарық дүниеге адам баласы болып келген соң, айналама зиянымды тигізбей, тек пайдалы дүниелер берсем, жас сарбаздарға үлгі-өнеге болатын адам бола білсем, өмірлік мақсатымның орындалғаны деп білемін. Себебі адамгершік – адам бойындағы асыл қасиет, содан айнымау кеерк. Ал жастарға беретін ақыл-кеңесіме келсем, Отанды сүю керек. Отанды сүйіп қана қоймай, Отанға деген махаббатыңды іспен дәлелдеу қажет.

- Әңгімеңізге рахмет. Қасым атамыз айтқандай, «Елін сүйер, сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» демекші, сіз өз отбасыңызды да жақсы көре білесіз. Бұдан үш жыл бұрын үйленіп, жұбайыңыз Гүлайыммен бірге Нағима есімді перзент сүйіп отырсыз. Алдағы уақытта да әскери тәрбиеші ретінда алар асуларыңыз көп болғай!