Жас спортшылардың негізгі құрамға жақындап келе жатқаны қуантады – Петр Гамидов
АСТАНА.KAZINFORM – Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Петр Гамидов елордада өткен ел чемпионатын жоғары бағалады.
Бас бапкердің айтуынша, ішкі біріншілікте бәсекелестік күн сайын артып келеді.
- Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Спортшылар тартысты бәсекеде лайықты өнер көрсетіп, жақсы нәтижелер көрсетті. Жалпы, жартылай финалдан бастап-ақ спортшылар арасында қызу бәсеке сезілді. Бұл, әрине, қуантады әрі жас спортшылардың негізгі құрамға жақындап келе жатқанын аңғартады, - деді Петр Гамидов.
Оның айтуынша, ұлттық құраманың Олимпиадаға дайындығы жақсы деңгейде өтіп жатыр.
- Олимпиада ойындарына дайындық сәуір айының ортасынан басталды. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны Түркияда велодаярлық ретінде өтті, екінші жиын биік тауда, ол да Түркияда ұйымдастырылды. Ал маусым айынан бастап құрама дайындықты «Алау» мұз сарайындағы өз базасында жалғастырып келеді, - деді бас жаттықтырушы.
Еске сала кетсек, Астанада 11-15 қыркүйек аралығында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтті.
Сонымен қатар, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының жаңартылған құрамы белгілі болды.