Жас таеквондошыларымыз әлем чемпионатында екі қола медальға ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кадеттер арасында таеквондодан (WTF) Қазақстан ұлттық құрамасының жас спортшылары Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионтында екі қола жүлдеге қол жеткізді.

65 келі салмақ дәрежесіне дейін Дулат Сихымов біріншілікте үздік шыққан Иран саңлағы Мохаммади Кханиға жартылай финалда ғана есе жіберді. Дәл осындай көрсеткішпен қызымыз Алима Қайдарова 29 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалда, Ресей өкілі Әмина Черчесоваға қарсылық көрсете алмады. Осылайша, қандастарымыз әлем чемпионатында қоржынымызға екі қола жүлде салды. Байрақты дода 23-ші тамызда басталып, 26-да аяқталады. Таеквондодан (WTF)кадеттер арасында әлем чемпионатында әлемнің 60-қа жуық мемлекетінен 12-14 жас аралығындағы 465 саңылақ үздіктерді анықтап жатыр.