Жас талант Мөлдір Байбуринова: Ән – мен үшін жан тыныштығы

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА.KAZINFORM – Әлемдік хит әндерді қазақ тілінде шебер орындап, әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленген жас талант Мөлдір Байбуринова «Jibek Joly» телеарнасының эфиріне қонақ болып келді.

Сұхбат барысында жас талант не себепті Дженнифер Лопестің Ain’t Your Mama әнін таңдағанын түсіндірді. 

– Джей Лоның алғашқы әндерінің көбінде цензураға ілінетін сөздер кездеседі, дөрекі тіркестер де бар. Сол себепті «Ain’t Your Mama» туындысын аударып орындау тиімді деп шештім. Сондай-ақ «жауапкершілікті өз мойныңа ал, сен бала емессің, есейуің қажет» деген жолдары маған ұнады. Бұл – кез келген адамға арналған кеңес. Кейде мен де өзімді бала сияқты ұстаймын.

Сондықтан бұл әннің мағынасы көпшілікке ортақ деп есептеймін, – дейді жас орындаушы.

Кавер жасаудағы алғашқы мотивациясы туралы да айтып өтті.

– Маған өмірімде жаңа серпін қажет болды. Бір кезеңде күйзелісте жүрдім. Сол уақытта өзімді ән арқылы жұбатуға тырыстым. Кавер жасау да сол сәттің әсері, – дейді ол.

Сондай-ақ, Мөлдір Байбуринова өзінің кәсіби білімі мен қызметі туралы да баяндады.

– Негізгі мамандығым – журналистика. Төрт жыл оқыдым. Кейін екі жыл филология саласында білім алып, қазір маркетинг саласында қызмет етіп жүрмін. Сонымен қатар мектеп кезінде бес жыл вокалдан дәріс алдым, – деді жас талант.

Сұхбат барысында болашақ жоспарларына қатысты ойын да жасырмады. 

– Қазір нақты мақсаттарыммен бөліскім келмейді. Дегенмен, басты арманым қазақ тілінің сұлулығын көрсету, оны әлемдік деңгейде таныту. Бұл мен үшін жай хобби емес, қоғамға пайдалы іс деп санаймын. Жалпы ностальгиялық әндерді ұнатамын. Мысалы, Backstreet Boys тобы Қазақстанға келеді мүмкін сол топтың әндерін аударым мүмкін , – деп сөзін түйіндеді. 

Еске салайық, Дженнифер Лопес қазақ әншісінің каверін Stories-інде бөліскенін жазғанбыз.