АСТАНА. KAZINFORM – 16 жастағы Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында ITF Juniors рейтингісінде 16-орынға көтерілді.
Бұл – қазақстандық жасөспірімдер арасында ең үздік көрсеткіш.
Бұдан бұрын Қазақстан теннисі түлектерінен ешкім әлемдік рейтингіде мұндай биікке көтерілген емес.
Осыған дейін рейтингіде 27-сатыда тұрған Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына дейін жеткен еді.
Сол секілді АТР рейтингісінде алматылық Денис Евсеев 184-тен 176-ға жоғарылап, өзінің жеке көрсеткішін жаңартты. Ол 3-4 ақпанда Росарио қаласында Дэвис кубогінің іріктеу кезеңінде Аргентинамен өтетін матчта қазақстандық құраманы бастап шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның матчы үздіктер қатарына енгізілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).