«Жас ұлан-2014» республикалық әскери әндер фестивалінің лауреаттары марапатталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Конгресс-холл сарайында «Жас ұлан-2014» XVI республикалық әскери әндер фестивалі лауреаттарының гала-концерті өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Конгресс-холл сахнасына жыл сайынғы байқаудың орындаушылары мен шығармашылық ұжымдарды «вокал», «фольклор» «вокалдық-аспаптық ансамбль» номинациялары бойынша финалдық тыңдаудың қорытындысы нәтижесінде анықталған жеңімпаздар шықты.

Атап айтқанда, «вокалдық-аспаптық ансамбль» номинациясында бірінші орынды аэроұтқыр әскерлері 18404 әскери бөлімінің вокалдық тобы жеңіп алды. Ал «фольклор» номинациясындағы бірінші орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 40398 әскери бөлімінің «Шашу» тобына берілсе, «Вокал» номинациясында бірінші орынға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 03858 әскери бөлімінен келген старшина Сейітқасым Имадуллаев ие болды.

Жас таланттар - жалпы білім беру мектептері, лицейлер мен колледждердің оқушылары да назардан тыс қалмады. Олар Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп өнер көрсетті. Жас орындаушыларға «Жас ұлан-2014» XVI республикалық әскери әндер фестивалінің дипломдары табыс етілді.

Үздік орындаушылық шеберлігі үшін жүлде Қостанай облысы Қолдасабаев мектебінің оқушысы Лана Сапинаға берілді. Павлодар облысы №14 орта мектебінің оқушысы Станислав Баранов пен «Жас ұлан» республикалық мектебі 2-ші ротасының оқушысы Мәди Темірғалиев ең үздік патриоттық ән орындаушылар ретінде көтермеленді.Фестивалдің көрермендер көзайымы жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысының №17 орта мектебінің оқушысы Олег Девяткинге бұйырды.

«Ауғанстан және оқшау соғыстар ардагерлері одағының» жүлдесімен «Ардагер» вокалдық-аспаптық тобы, сондай-ақ Ринат Шүкіров марапатталды. Олар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің атынан өнер көрсеткен болатын.

Сонымен қатар қатардағы жауынгер Мереке Қырғызбаев (ұлттық ұлан) және қатардағы жауынгер Сұлтан Бақытжандар (мемлекеттік күзет қызметі) көтермелеу сыйлықтарын алды. Бас жүлде - «Жас ұлан-2014» XVI республикалық әскери әндер фестивалінің гран-приін Семей қаласы «Жас ұлан» дарынды балалар лицейінің оқушысы Мират Жақсылықовқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев табыс етті.

Айта кетейік, бұл фестиваль Қазақстан Қарулы Күштерінің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Әрбір конкурсқа қатысушы өзінің шығармашылық әлеуетін ашып көрсетуге мүмкіндік алды, ал әскери әндердің тамаша орындалуы Қазақстан армиясы мен әскери қызметтің абыройын арттыру ісіне елеулі үлес қосты.