«Жас ұлан» мектебіне жаңадан қабылданған ұландар салтанатты түрде ант қабылдады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне жаңадан қабылданған ұландар салтанатты түрде ант қабылдады.

Шараға қатысқан ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров, биыл еліміздің бірегей оқу орны - «Жас ұлан» республикалық мектебіне 15 жыл толып отырғандығын ерекше атап өтті. 1999 жылы дәл осы күні Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен мектептің ашылу рәсімі өткен болатын.

«Осы уақыт аралығында мұнда көптеген жаңа дәстүрлер қалыптасып үлгерді. Мектеп түлектері Қарулы Күштерміздің қатарын толықтырып келеді және өз еліне абыроймен қызмет етуде», - деді ол жиын барысында.

«Құрметті ұландар, бүгін сіздердің өмірлеріңде жаңа кезең басталды, ұлан антын қабылдадыңыздыр. Сіздер «Жас Нұрмағамбетов» атағын асқан мақтанышпен және еліміздің намысын адалдықпен қорғайды деп сенемін!», - деп түйді сөзін вице-министр.

15 жылда шамамен 650-ге жуық түлек түлеп ұшты. Ал олардың алды бүгінде майор шенін алып үлгерген. Қазір «Жас Ұлан» мектебінде 454 тәрбиеленуші білім алуда.