«Жас ұлан» ұйымын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Жас ұлан» ұйымын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

Фото: gov.kz

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 400-ден астам жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді. Олардың 20-сы республикалық деңгейдегі жобаларды жүзеге асырады. Олардың қызметін қолдау, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар (жастар арасында дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды дәріптеу, оларды табысты әлеуметтендіру үшін жағдай жасау, құқық бұзушылықтардың профилактикасы және т.б.) қолданылады. «Жас ұлан» республикалық бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында бүгінгі таңда 2,5 млн оқушы («Жас қыран» төменгі буынында – 1 021 083, «Жас ұлан» жоғары буынында – 1 254 545, «Жас сарбаз» ұйымында – 45 193 оқушы) бар», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, осы уақыт ішінде «Жас ұлан» ұйымы бірқатар халықаралық жастар ұйымымен (ЮНИСЕФ, Еуразиялық одақтың Жастар кеңесі және т.б.), Ресейдің, Беларусьтің, Өзбекстанның ұқсас балалар ұйымдарымен ынтымақтастық орнатты. Халықаралық ортада Қазақстанның оң тәжірибесін тарата отырып, тәжірибе алмасу бойынша жүздеген іс-шара өткізді.

«Жас Ұлан» ұйымын трансформациялау мақсатында «Бірыңғай тәрбие» бағдарламасының құндылықтары мен «Адал азамат» идеологиясына негізделген «Жас ұлан» ұйымын дамытудың жаңа стратегиясы (жауапкершілікке үйрету, жергілікті сипаттағы проблемаларды шешуге үлес қосу, әлеуметтік көшбасшылық мектебін іске асыру, мектеп волонтерлігін дамыту, экологиялық мәдениетті, әлеуметтік тәжірибе мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және т.б.) әзірленіп жатыр», - деді Олжас Бектенов.