Жас жігіт «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне бейнеролик жариялағаны үшін 2 жылға сотталуы мүмкін
07:09, 22 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Сургут қаласының 19 жастағы тұрғыны «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына экстремистік пиғылдағы бейнеролик жариялағаны үшін 2 жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін, деп жазады «Муксун» радиосы.
Тергеушілердің ақпаратына сүйенсек, ол 2014 жылдың желтоқсанынан бастап, 2015 жылдың ақпан айына дейін өзінің жеке компьютерінен «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына аудиофайл, бейнероликтер жариялап келген. Сараптама қорытындысы бойынша, ол жариялаған материалдар ұлтаралық араздықты қоздыру сипатында, өзге адамдардың ар-намысын қорлайтын, экстремистік пиғылда болған.
Осыған қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Енді күдікті 300 мың рубльге дейін айып төлеуі немесе 2 жыл түрмеге отыруы мүмкін.