Еске салсақ, 16 сәуірде Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 19 жастағы жігітті қағып өлтірді деген күдікпен қамауға алынғаны хабарланған болатын. Кейін қайғылы оқиғаға Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың қатысы бар екені мәлім болған. Дегенмен, шаһар басшысы өз қызметін әлі күнге дейін атқаруда. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Жанна Қабдолдақызы оның себебін былай деп түсіндірді:
«Оқиғаның басты фигуранты - Бауыржан Құрманбаев. Ол Риддер қаласының әкімі қызметінен уақытша босатылды. Ал Қуат Тұмабаев іске куәгер ретінде тартылған. Сот орындары оның ісіне баға бермей тұрып, қызметінен босатуға негіз жоқ. Елдің бұл оқиғаға бейжай қарамағанын ескеріп, әкімнің мәселесін Әдеп кеңесінде қарау туралы шешім шығардық», - деді Жанна Қабдолдақызы.
Ол мәжіліс мамыр айының соңына дейін өтеді деп жоспарланған. Ведомство 2 шенеунікке қатысты өз бағасын сол мәжілісте бермек.
«Дәл қазір Бауыржан Құрманбаев та, Қуат Тұмабаев та журналистерге ешқандай мәлімет бере алмайды. Олардан істі тергеу барысында ешқандай ақпарат бермеу туралы қолхат алынған», - дейді департамент басшысы.