***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2012 жылғы есебін қарауға арналған кеңес өткізді. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Бұл - қаржылық тұрақсыздық жағдайында орнықты көрсеткіш» деген тақырыппен берілген ақпаратқа қарағанда, кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов, Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов және Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов қатысты. «Ұлттық Банктің қызметі туралы дәстүрлі жылдық есепті қарай келе, біз бүгінде ел дамуының барлық макроэкономикалық көрсеткіштері қалыпты мөлшерде екенін көріп отырмыз. Әлемде қаржылық тұрақсыздық орын алып отырғанда, экономика өсімі 6 пайыз болғанын орнықты көрсеткіш деп санауға болады. Инфляция белгіленген шектен асқан жоқ, ұлттық валюта бағамы тұрақты деңгейде, ал экономиканы кредиттеу және банктерді капиталдандыру артуда», - деді Мемлекет басшысы.
«Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың этносаралық қарым-қатынас мәселелеріне қатысы бар қызметкерлеріне арналған кеңес болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Әр азамат Отан алдындағы өз жауапкершілігін сезінуі керек» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекеттік хатшы жас отандастарымыздың бойына патриоттық тәрбие егу мәселесі маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі болып табылатынын көлденең тартты. «Бүгінгі күні бүкіл әлемде үдей түскен әлеуметтік шиеленістер, өркениет құндылықтарының дағдарысы, әлемдік жаңа тұрақсыздық сияқты қауіптер бізге де ой салуы керек. Сондықтан да патриоттық тәрбиеге деген прагматикалық және реалистік жаңа көзқарас қалыптастыру, әрбір азаматқа өмір сүрудің тең мүмкіндіктерін беру алдымызда тұрған басты міндеттер», - деді ол.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, сенімді дерек көздеріне қарағанда дүйсенбі күні қолданыстағы «Қазақстан Республикасы неке және отбасы туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін көрінеді. Алдын ала алынған мәліметтерге сенер болсақ, жаңа баптардың бірқатары еліміздің тұрғындары үшін мүлде таңсық. Өйткені өмірдің өзі мәжбүр етіп отырған жағдайлар қатарында қазақтардың ұлан-асыр той өткізу рәсімдері де бар. Бұл жайында «Тойға да салық салынады» деген тақырыптағы ақпаратта кеңінен баяндалған. «Мәселен, 9-баптың 7-бөлімі бойынша ендігі жерде құда түсіп, қыз ұзатудан бастап дүрілдетіп үйлену тойын өткізгеніңіз үшін мемлекетке салық төлеуге тиістісіз. Жұмсалатын қаражат тек касса арқылы есептеліп, тойдан түскен табыстың 15 пайызын салық органдарына тапсыруға міндеттісіз», деп жазады басылым.
Байқоңыр қаласында «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан - Ресей үкіметаралық комиссиясының бірінші жиыны өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов пен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов төрағалық етті. Осы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Байқоңырға қатысты ешқандай келіспеушілік жоқ» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, жалпы отырысты қорытындылай келіп, «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның бірінші отырысының хаттамасын келісті. Үкіметаралық комиссия басшылары атап өткендей, оның күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралды. Тараптар «Байқоңыр» кешенін жалдау шартында Ресей мен Қазақстанның мүддесін ескере отырып, «Байқоңыр» кешені бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігін қуаттады.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Дат» айдарында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахмановпен арадағы «Қазір қазақ балалары өз тілін білмесе, біз оны анасынан көруіміз керек» деген тақырыппен берілген. Арманда кеткен Алаш арыстарының тағдыры, жалпы, репрессия мәселесі әлі күнге шындығы ашыла қоймаған тарихи тақырып. Осы тақырыпқа театр көзқарасымен қарап, драматург Иран-Ғайыптың "Фатима" атты қойылымын қойған режиссер сұхбат барысында: «Фатима» сахнаға қойылғанға дейін бір жарым жылдай менің қолымда жүрді. Себебі, сіз айтқандай, репрессия, Алаш тақырыбы - жай, үстірт қарай салатын дүние емес, ол кәдімгідей рухани дайындықты, білім мен тарихи танымды қажет ететін тарихымыздың үлкен бір саласы. Пъеса авторы Иран-Ғайып ағамыз оны соншалық керемет жазып шыққан. Ол кісінің ойы терең екенін білесіздер, әр сөзінің астарын ашу үшін қаншама әрекет жасап, қаншама тер төгу қажет. Әйтпесе сол заманның атмосферасы, болып жатқан оқиғалардың мәні түгел ашылмай қалады», - дейді.