Жас журналистердің Бейбіт Құсанбеков атындағы ІІ республикалық байқауының қорытындысы шығарылды

АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда жас журналистердің Бейбіт Құсанбеков атындағы ІІ республикалық байқауының қорытындысы шығарылды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оны Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультеті және  «Қазақстан» мен  «Хабар» телеарналары бірігіп ұйымдастырып отыр. Байқауға 12 үміткердің 17 бағдарламасы келіп түскен болатын. Оны таразыға салған  Сағатбек Медеубек, Нұртөре Жүсіп, Аязби Бейсенқұлов секілді сарапшылар алқасы ешбір жұмысты бірінші орынға лайық деп таппады. Екінші орынға берілетін  диплом мен сый-кәдеге және  100 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге «Хабар» телеарнасынан «Таразы»,  «Арнайы репортаж» апталық-сараптамалық бағдарламалары үшін Самат Сүлей ие болды. Үшінші орынға берілген 70 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен  дипломды және сый-кәдені «Қазақстан» телеарнасынан «Тау тұлға» тарихи-деректі танымдық бағдарламасы үшін Дәурен Дариябек алды. Ал «КТК» телеарнасынан  «Репортер» бағдарламасы үшін Гүлмира Әбіқай, Алматы облысының  «Жетісу»  телеарнасынан  «Әйелдер әлемі» бағдарламасы үшін Гүлім Қошқарбаева және  «Қазақстан» телеарнасының Қарағанды филиалынан Ернұр Базарбаев 40 мың теңгеден ынталандыру сыйлығын иеленді.