Жас журналистерге арналған екі күндік тренинг өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Бүгін Алматыдағы «Алатау» шипажайында «Қазақстанның ауа-райының өзгеру мәселелерін БАҚ--та көтеру тәсілдері» атты екікүндік семинар-тренинг басталды.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырған шараға 30 жас журналист пен студент қатысуда. Олардың 9-ы өңірлерден келген.

«Шара журналистер мен журналистика факультетінде оқып жатқан жоғары курс студентеріне арналған. Оларға екі күндік шара барысында эколог-сарапшылар, медиа білім беру саласының жаттықтырушылары, экология саласын зерттеуші журналистер БАҚ беттерінде экология саласында жазу тәсілдерін үйретеді. Сондай-ақ жас журналистер ауа-райының Қазақстанның дамуына әсері, ондағы түрлі мәселелерді қоғамға жеткізудің әдіс-тәсілдері туралы да сабақ алады»,-дейді «MediaNet» халықаралық журналистика орталығының жоба менеджері Юля Кузнецова.

Шара аясында Алматы облысының Еңбек ауылына баспасөз шеруі ұйымдастырылмақ. Онда шараға қатысушылар ауылшаруашылығында күн энергиясы технологияларын пайдалану тәжірибесімен танысады. Шара қорытындысы бойынша ең үздік мақалаға конкурс жарияланбақ. Сайыс жеңімпаздары ноутбук, нетбук, диктофон сияқты бағалы заттармен марапатталатын болады.