Жасанды интеллект алғаш рет жаңа өміршең вирустарды жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ зерттеушілері жасанды интеллект көмегімен алғаш рет зертханалық жағдайда көбейе алатын жаңа вирустарды жасады. Жұмыс нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Axios

Ғалымдар вирустар, бактериялар, өсімдіктер және адамдардан алынған генетикалық тізбектер бойынша оқытылған Evo1 және Evo2 ЖИ модельдерін қолдана отырып, вирустардың толық геномдарын жасады. Содан кейін ең перспективалы нұсқалар зертханада синтезделді.

Зерттеушілер ЖИ арқылы жасалған 302 жобадан 16 толық функционалды бактериофаг – бактерияларды ғана жұқтыратын вирустар алды. Олардың барлығы Escherichia coli (ішек таяқшасы) бактерияларын сәтті жойды және адамдарға ешқандай қауіп төндірмейді. 

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл технология болашақта антибиотиктерге төзімді инфекцияларды емдеу үшін қолданылуы мүмкін бактериофагтарды әзірлеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұдан басқа, бұл табыс жасанды интеллекттің синтетикалық биология саласындағы әлеуетін танытып отыр. 

Сарапшылар сонымен бірге мұндай технологияларды одан әрі дамыту биоқауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаумен қатар жүруі керек екенін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл саладағы әзірлемелер қауіпті ауруларды тудыруы мүмкін жаңа вирустарды жасау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Осыған дейін Қытайда жасанды интеллект индустриясының көлемі бір жылда 40%-ға өскенін жаздық.