Жасанды интеллект білім беру саласын қалай өзгертіп жатыр — сарапшылар пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 18 қазан күні алғаш рет CONNECTED халықаралық конференциясы өтпек. Оған әлемнің 20-дан астам елінен 1500-ге жуық делегат қатысады. 70-тен астам халықаралық сарапшының қатысуымен 18 панельдік сессия өткізу жоспарланып отыр. Негізгі міндет — болашақтың біртұтас синхрондалған бейнесін жасау және болашақ ұрпақтың дүниетанымын қалай қалыптастыру керектігін түсіну. Осы орайда, конференцияға қатысатын қос сарапшы — Юнес Бенсуда Мурри және Март Ароның пікірін ұсынамыз.
Студенттер ChatGPT сияқты ЖИ құралдарын кеңінен қолдана бастады
Стэнфорд университетінің ЖИ профессоры, ЖИ курстарының авторы (АҚШ), LiveTech.AI негізін қалаушы Юнес Бенсуда Мурридің сөзінше, қазір студенттер ChatGPT-ді жиі қолдана бастаған.
— Мемлекеттік білім беру саласындағы жұмысымыз барысында көбінесе мұғалімдердің қалауына қарамастан студенттердің ChatGPT сияқты ЖИ құралдарын кеңінен қолданғанын байқадық, — дейді Юнес Бенсуда Мурри.
Бәлкім, бұл ретте сарапшы емтихан тестілері мен курстық жұмыстарды қолдан жасау оқиғалары жиілегенін меңзеп отырған болар. Дегенмен, Мурри бұл білім беру жүйесінің тығырыққа тірелгендігін білдірмейтінін атап өтті. Ол ЖИ-ді білім саласына енгізудің нақты саясатын әзірлеу керек екенін айтты.
— Мемлекет мектепте ЖИ-ға рұқсат беру керек пе және оны оқу процесін жақсарту үшін қалай пайдалануға болатыны туралы нақты саясатты әзірлеуі керек. Біз түрлі елдің білім министрліктерімен өзара тәжірибе алмастық. Сәйкесінше, бұл істі дұрыс жолға қою арқылы айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын байқадық. Студенттердің оқудағы жетістіктері артады, қазіргі еңбек нарығына қажет дағдыларды дамытуға септеседі. Оларды бәсекеге қабілетті және болашақта жұмысқа кірісіп кетуге дайындайды. Бұдан бөлек, бұл істі тиімді реттеу арқылы ЖИ артықшылықтары білім беру саласында да, денсаулық сақтау, логистика және барлау салаларында да енгізілуі мүмкін, — дейді сарапшы.
Ал, онлайн білім беру саласындағы сарапшы, әлемнің 40 еліндегі 300-ден астам университет пайдаланатын DreamApply білім беру платформасын жасаушы Март Аро прогрессивті мақсаттарға жету үшін ЖИ қолданудың нақты мысалын келтіреді.
— Мен зағип оқушыларға презентация слайдтарын түсінуге көмектесетін ЖИ енгізген жастармен кездескен едім. Олардың арқасында ЖИ слайдтағы суреттерді автоматты түрде сипаттайды. Бұл — ЖИ технологиясының сапа мен инклюзивтілікті қалай арттыратынының тамаша мысалды, — дейді Аро.
ЖИ мұғалімнің көптеген функциясын орындай алады
ЖИ білім беру процесінің барлық аспектілерін өзгерте алады. Бұрынғы оқытушы студентке білім беретін модель ескірген. Қазір ЖИ мұғалім ғана жасай алатын көптеген функцияны орындай алады - тапсырмаларды автоматты түрде тексеру, үлгерімді бағалау, оқу мәліметтерін талдау. Сарапшылардың пайымдауынша, оқу процесін жақсарту үшін ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланғысы келмейтін оқытушылар жылдам жаңартылатын EdTech жүйесінде беделі мен сұранысын жоғалтып алу қаупі бар. Технология негізінен мақсатқа жетудің бір құралы екенін түсіну қажет.
— Өкінішке қарай, мен технологиялардың жаман екендігі туралы сөздерді жиі естимін. Шын мәнінде, бұл - «кітаптар жаман» деп айтумен тең, — деп атап өтті Март Аро.
Сарапшының пікірінше, технологиялардың өзі бейтарап. Бұл ретте мәселе мұғалімдер мен студенттердің оларды қаншалықты дұрыс және мағыналы пайдалануында болып отыр. Ароның сөзінше, заманауи технологияларға қол жеткізуге мүлдем мүмкіндігі жоқ педагогтерді жиі кездестіруге болады. Өзекті ресурстарды пайдалана алмағандықтан, олар оңтайлы емес шешімдерге жүгінуге мәжбүр. Ал, жасанды интеллект беретін жаңа тенденциялар, мүмкіндіктер мен модернизацияны қажет ететін білім беру жүйесі арасындағы алшақтықты жою үшін технологияларға қолжетімділік мәселелерін шешу қажет.
— Мектептер, мұғалімдер мен оқушылардың барлық заманауи білім беру құралын пайдалана алуы өте маңызды. Оларды қажетті құрылғыларға қол жеткізу, интернетке қосылу және әрине, ең жақсы білім беру құралдарын сатып алу үшін қаржымен қамтамасыз ету маңызды, — дейді Март Аро.
ЖИ мұғалімдерді де, профессорларды да алмастыра алмайды
Дегенмен, сарапшылар ЖИ жалпы білім беруді де, мектеп мұғалімдерін де, университет профессорларын да алмастыра алмайтынын түсіну керектігіне назар аударады. Бұл - үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеуге, берілген ақпаратты өңдеуге арналған керемет құрал. ЖИ онлайн білім беруді, жалпы EdTech саласын айтарлықтай алға жылжытуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл білім берудегі әлеуметтік теңсіздікті жоюға көмектеседі.
— Егер біз білімге қол жеткізе алмайтын немесе өз аймағында білім беру деңгейі өте төмен балалар туралы айтатын болсақ, онда жоғары сапалы онлайн білім беру - олардың ең зор үміті болуы мүмкін. Қазіргі зерттеулерге сәйкес мұғалім жоғары сапалы цифрлық құралдар мен оқыту әдістемелерін пайдалана алатын болса, білім берудегі ең жақсы нәтижелерге қол жеткізеді, — деп атап өтті Март Аро.
ЖИ «қауіпсіздік ережелерін» сақтауды қажет етеді
Білім беруде ЖИ қолданудың болашағы мен теориясынан үміт көп. Сонымен қатар, іс жүзінде біз көптеген мәселеге тап болуымыз ықтимал. Юнес Бенсуда Мурри қазірдің өзінде ЖИ енгізу мәселелерін шешуде белгілі бір тәжірибе жинақтаған. Оның айтуынша, бұл технология кез келген басқа технологиялар сияқты «қауіпсіздік ережелерін» сақтауды қажет етеді. Сарапшының пікірінше, жасанды интеллектіні пайдалану принциптері мыналарды қамтуы керек:
- ашықтық
- әділдік
- есеп беру
- құпиялылықты құрметтеу.
Спикер ЖИ-мен жұмыс істеуде жасайтын бірінші қадам — құпия ақпаратты қорғау үшін деректерді шифрлау екендігін айтады.
— Мен басқа ұйымдардың бұған қалай қарайтынына сенімді болмасам да, біздің басқа үкіметтермен және білім министрліктерімен жұмыс тәжірибеміз туралы айта аламын. Біз әдетте ЖИ-мен жұмыс істеуде жасайтын бірінші қадам — құпия ақпаратты қорғау үшін деректерді шифрлау. Құпиялылықты қорғау үшін пайдаланушылардың аттары мен сәйкестендіру деректерін жасырамыз және жеке деректердің байқаусызда жария етілуін болдырмау үшін дифференциалды құпиялылық әдістерін қолданамыз. Дифференциалды құпиялылықтың арқасында біз пайдаланушылар туралы нақты ақпаратты ашпай-ақ топтардан заңдылықтарды ала аламыз. Сондай-ақ, деректерге тек уәкілетті тұлғалар қол жеткізуін шектеу үшін рөлге негізделген қол жеткізуді бақылауды енгіземіз. Сонымен қатар, кез келген ықтимал ақпараттың жария болып кетуін анықтайтын бағдарламалық жасақтаманың аралық деңгейін қолданамыз. Соның арқасында, тіпті, оқудан немесе модельдерді дәл баптағаннан кейін де соңғы сақтық шарасы ретінде әрекет етеміз. Бұл процедуралар біздің нейрондық желілерді пайдалануымыздың цифрлық құқықтарды бұзбауын қамтамасыз етуге көмектеседі. Алайда, егер ЖИ қолдану ережелері дұрыс сақталмаса, ол оңай бұзылуы мүмкін, — дейді Юнес Бенсуда Мурри.
ЖИ-дің үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеу және биометриялық деректерді (Face ID, дауыс, саусақ іздері) қоса алғанда, барлығын есте сақтау қабілеті алаңдатады. Нейрондық желілер алынған ақпаратты ұмытпайтынын ескере отырып, бұл қауіп төндіреді деп айтуға бола ма? Біз бұл сауалды сарапшыға қойдық.
- Жоқ, дәл олай емес. Егер біз ЖИ ережелерін ұстанатын болсақ, бізде мұндай проблема болмайды. Сонымен қатар, менің ойымша, біз бастапқы кодты ашпауымыз немесе пайдаланушылар туралы ақпарат жинауға үйретілген модельдерді шығармауымыз керек. Бұл модельдер екі кірістің бірдей немесе бірдей еместігін тану үшін жасалуы және жобалануы қажет. Мысалы, сіз бет-бейне идентификаторының суретін сақтап, оны басқасымен (немесе саусақ іздерімен) салыстырасыз. Бұл модельдер екі суреттің, әдетте, мазмұнына қарамастан, бірдей екендігін өте жақсы анықтайды. Мұндай модельдермен пайдаланушы туралы ақпаратты оларда сақтаудың қажеті жоқ. Сіз оны бөлек дерекқорда сақтай аласыз және оны салыстыру үшін пайдалана аласыз, — дейді сарапшы.
Әлбетте, білім беруде ЖИ енгізудің қазіргі үрдісі қауіпсіздік хаттамаларын әзірлеу және оны нақты, практикалық құралдарда іске асыру болып саналады. Иә, қатерлер бар және тіпті күн санап көбейіп жатыр. Бірақ артқа қадам жасауға болмайды. Себебі, ЖИ қазірдің өзінде білім беру тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатыр. ЖИ-дің барлық әлеуетін жүзеге асыру үшін қатерлерді мұқият салыстырып, жағымсыз салдарды азайту үшін шаралар қабылдау қажет. Жоғары білімнің болашағы ЖИ-мен тікелей байланысты, бұл - тіпті талқыланбайтын мәселе. Басты мәселе - осы құралды кім және қай жерде тиімді де пайдалы қолданып үйренетінінде болып отыр. Осы және басқа да өзекті мәселелер CONNECTED конференциясы аясында белсенді талқыланбақ. Іс-шара бағдарламасы үш негізгі блоктың айналасында құрылған:
«Future Shaping» (жаңа пішін мен болашақ картасын жасау)
«Future Education & Science» (болашақ үшін шынымен қажетті білім туралы трек)
«EdTech and Impact Entrepreneurship» (Жаңа әлемдегі білім мен технологияның мәні, әсері мен пайдасы туралы).
Айта кетейік, жақында Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект мектебі ашылды. Сондай-ақ, Қазақстан әскеріндегі заңсыз әрекеттерді анықтау үшін бейнебақылау жүйесі жаңартылатыны анықталды. Бұл ретте бейнебақылау камералары жасанды интеллект арқылы басқарылатын болады.