Жасанды интеллект, білім, қазақ тілі: сарапшы бес басымдықты атады

АСТАНА. KAZINFORM — Білім, технология, экономиканы әртараптандыру, заң үстемдігі және қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуы — Қазақстанның алдағы 20–30 жылдағы басты басымдықтары болуы тиіс. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Президент жанындағы стратегиялық даму жөніндегі сараптама тобының ел болашағын жоспарлаудағы рөлі туралы пікір білдірді.

Фото: Рауан Кенжеханұлының жеке мұрағатынан

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының пікірінше, сараптама тобы алдағы 20–30 жылдағы даму басымдықтарын жүйелі талқылауға, ғылыми зерттеулер мен сараптамалық бағалауларға сүйенген ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның жұмысына түрлі саланың мамандары, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелерінің қатысуы стратегиялық мәселелерді жан-жақты қарастыруға жол ашады.

Сарапшы елдің болашақ дамуында білім мен адами капиталды нығайту, экономиканы әртараптандыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қазақ тілінің ғылым мен технологиядағы қолданысын кеңейту, сондай-ақ тұрақты даму бағыттарына басымдық беру қажет деп санайды. Бұл ретте сараптама тобының талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулерге негізделген жұмысы Қазақстанның ұзақмерзімді мақсаттарын нақтылауға және болашақ сын-қатерлерге дайын болуына ықпал ете алады.

— Президент жанынан стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрылуы Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағдарын айқындауда қандай жаңа мүмкіндіктер ашады? Бұл бастаманың елдің стратегиялық жоспарлау жүйесі үшін маңызын қалай бағалайсыз?

— Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып, әлемдік экономика мен еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатыр. Геосаяси ахуал мен демографиялық үрдістер де ел болашағына тікелей ықпал етері сөзсіз. Осы ауқымды өзгерістердің Қазақстанға әсерін ертерек бағамдасақ, бүгінгі күні қабылдайтын шешімдерді тереңірек зерделеп, болашақтың сұлбасын айқын көреміз.

Сараптама тобының құрылуы Қазақстанның алдағы 20-30 жылдағы даму бағытын жүйелі талқылауға жол ашады. Біз қандай экономика құрғымыз келеді? Жаһандық нарықта қандай орын аламыз? Келер ұрпаққа қандай білім мен дағды береміз? Осы сұрақтарға жауап іздеу арқылы ел егемендігін нығайтып, экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға көмектесетін негізгі басымдықтарды айқындаймыз.

Сараптама тобы мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұзақмерзімді пайыммен және нақты зерттеулерге сүйенген ұсыныстармен толықтырады. Қазіргі бағдарламалар мен шешімдердің стратегиялық мақсаттарға қаншалықты қызмет етіп жатқанын бағалау да жеңілдей түседі.

— Сараптама тобының құрамына түрлі саланың мамандары мен сарапшыларын тарту көзделіп отыр. Осындай кәсіби әрі пәнаралық көзқарас Қазақстанның даму басымдықтарын айқындау мен тиімді шешімдер әзірлеуге қалай ықпал етеді?

— Қазіргі әлемде стратегиялық маңызы бар мәселелерді бір ғана саланың немесе бір ғана ғылымның шеңберінде қарастыру мүмкін емес. Мысалға жасанды интеллектіні алайық. Ол еңбек нарығына, білімге, тіл мен құқыққа бірдей әсер етеді. Еңбек нарығының маманы қай кәсіптерге сұраныс өзгеретінін бағалайды. Білім саласының сарапшысы сол өзгерістерге сай жаңа дағдыларды қалыптастыру жолын ұсынады. Ал тіл маманы жаңа технологиялардың қазақ тілінде қаншалықты сапалы жұмыс істейтінін зерделейді. Әр маман мәселенің өзіне етене таныс қырын көреді. Бір ұсынысты осылайша жан-жақты талқылағанда, оның ұтымды тұстары мен іске асыруда кездесетін кедергілері көрінеді. Мәселен, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу үшін құралдың қазақ тіліндегі сапасын, мұғалімдердің даярлығын және оқушылардың дербес деректерін қорғау тетіктерін қатар қарастырған жөн. Сондықтан топ ішінде ашық пікірталас болуы шарт. Сарапшылар бір-бірінің пікірін тыңдап, бастапқы ұсыныстарын елеп-екшеп, ең тиімді шешімді таңдай алуға тиіс.

— Сараптама тобының негізгі міндеттерінің бірі — талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулердің нәтижелерін талқылау. Аталған зерттеулер елдің болашақтағы даму үрдістерін алдын ала бағалап, жаңа мүмкіндіктерді анықтауда қандай рөл атқара алады?

— Стратегиялық жоспарлаудың сапасы, ең алдымен, оның нақты деректерге, зерттеулер мен ғылыми тұжырымдарға сүйенуіне байланысты. Талдамалық зерттеулер экономика мен қоғамдағы өзгерістердің себеп-салдарын түсіндіреді. Әлеуметтану зерттеулері азаматтарды не толғандыратынын, қоғамның болашақтан не күтетінін көрсетеді. Ал форсайт зерттеулер ел дамуының бірнеше ықтимал сценариін ұсынып, әр жағдайға сай шешімдерді алдын ала ойластыруға, жол картасын әзірлеуге септігін тигізеді. Мәселен, кей өңірлерде бала саны өссе, алдағы жылдары ол жерлерге қанша мектеп пен мұғалім жетіспейді? Осыны ертерек бағамдасақ, мектеп құрылысын да, педагог даярлау ісін де уақытылы жоспарлаймыз. Сол секілді энергетикадағы өзгерістерді зерттеу арқылы Қазақстан қай бағытта жаңа өндіріс ашып, қандай технологияға инвестиция тарта алатынын анықтайды. Зерттеу нәтижесі нақты шешімге негіз болғанда ғана құнды. Сараптама тобы осы деректерге сүйеніп, қай өзгеріске қазірден қамданып, қай бағытта жаңа мүмкіндіктерді игеруге болатынын талқылайды.

— Сараптама тобы отырыстарына мемлекеттік органдармен қатар ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелерінің қатысуына мүмкіндік берілген. Бұл мемлекет, ғылым және қоғам арасындағы байланысты нығайтып, стратегиялық шешімдердің сапасын арттыруға қандай үлес қосады?

— Мемлекеттік органдар қолда бар ресурстар мен бастамаларды іске асыру тетіктерін жақсы біледі. Ғалымдар мәселені терең зерттеп, ықтимал шешімдердің салдарын болжайды. Кәсіпкерлер нарықтағы ахуал мен жұмыс барысында кездесетін нақты кедергілерді көреді. Ал азаматтық қоғам өкілдері халықтың сұранысын жеткізіп, қабылданған шешімдердің күнделікті өмірге әсерін көрсетеді. Бәрі бірге бір мәселені ортаға салғанда, ұсыныстың қаншалықты негізді әрі қоғамға пайдалы екенін түсіне алады. Мысалы, өңірде жаңа өндіріс ашу үшін инвестиция көлемімен бірге жергілікті мамандарды даярлау мен инфрақұрылым әлеуетін де ескеру шарт.

Елімізде де, шетелде де тәжірибесі мол білікті мамандарымыз бар. Оларды өз саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға тартқан дұрыс.

— Қазақстанның қазіргі экономикалық, технологиялық және геосаяси даму үдерістерін ескерсек, алдағы жылдары елдің ұзақмерзімді стратегиясында қандай бағыттарға басымдық берілуі керек? Сараптама тобы осы бағыттар бойынша қандай тың идеялар мен бастамаларды ұсына алады деп ойлайсыз?

— Меніңше, әуелі алдағы 20–30 жылда қандай ел болғымыз келетінін айқындап алуға тиіспіз. Экономика, білім, технология және мәдениет саласындағы барлық шешім осы ортақ мүддеге бағынуы шарт. Осы тұрғыдан бес маңызды бағытты атап айтар едім.

Біріншісі — білім мен адами капитал. Елдің бәсекеге қабілеттілігі азаматтарының біліміне, денсаулығы мен кәсіби білігіне тікелей байланысты. Білім беру жүйесі жаңа технологияны меңгеріп қана қоймай, оны өзі жасай алатын ұрпақ тәрбиелей алуы тиіс. Еңбек нарығы құбылған сайын ересектердің де жаңа дағды игеріп, қажет болса, мамандық ауыстыруына жағдай жасау маңызды.

Екіншісі — экономиканы әртараптандыру және технологияны дамыту. Қазақстан энергетика, өнеркәсіп, агротехнология, логистика және цифрлық өнімдер саласында қай тұстан бәсекеге қабілетті бола алатынын нақтылауы тиіс. Ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастырсақ, отандық технология мен өнімді нарыққа шығаруға жол ашылады.

Үшіншісі — заң үстемдігі мен қоғамдағы сенім. Азамат та, кәсіпкер де заңның бәріне ортақ екеніне, ал бәсекенің әділ өтетініне сенуі керек. Мемлекеттік шешімдердің қабылдану тетігі ашық әрі түсінікті болса, халық та, бизнес те өз болашағын сенімді түрде жоспарлайды.

Төртіншісі — тіл, мәдениет және ұлттық бірегейлік. Қазақ тілі — қоғамды ұйыстыратын басты құндылық. Оның ғылым, білім және технология тілі ретінде қолданылу аясын кеңейту маңызды. Жасанды интеллект қазақ тілінде сапалы жұмыс істесе, оқушы ана тілінде білім алады, маман кәсіби ақпаратқа еркін қол жеткізеді, ал кәсіпкер қазақша цифрлық өнім ұсынады. Сондықтан тіл мәселесін елдің технологиялық дамуымен біртұтас қарастырған жөн.

Бесіншісі — тұрақты даму мен болашаққа сенім. Су мен азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты энергиямен қамту және өңірлерді дамыту — бір-бірімен тығыз байланысты мәселелер. Мәселен, су ресурстарына қатысты шешім ауыл шаруашылығына да, өңірлер экономикасына да тікелей әсер етеді. Сол себепті инфрақұрылым мен өндірісті жоспарлағанда табиғи ресурстардың әлеуеті мен демографиялық өзгерістерді қатар ескеру керек.

Сараптама тобы Қазақстанның ұзақмерзімді дамуының бірнеше сценарийін саралап, әр жағдайға тиімді шешімдерді талқылайды. Болашақта сұранысқа ие болатын дағдылар мен отандық өнім өндіруге қолайлы технологиялық бағыттарды зерттеу де нақты ұсыныстарға негіз болады. Топтың нақты жұмыс жоспары мен бастамалары алдағы бірлескен талқылауларда айқындалады.