ЖИ болашақта адамдармен ресурстар үшін бәсекеге түсуі мүмкін — Microsoft басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Microsoft-тың жасанды интеллект бағытындағы бөлімінің басшысы Мұстафа Сүлейман өздігінен әрекет етіп, мақсат қойып, ресурстарды басқара алатын AI жүйелерін дамытудың салдары туралы ескертті. Бұл туралы Kazinform BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: foxbusiness.com

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні адам сияқты қабылдап, өздігінен жұмыс істейтін AI жүйелерін бақылаусыз дамыту болашақта адамға ұқсас әрекет ететін жаңа «кремнийлі тіршілік иелерінің» пайда болуына әкелуі мүмкін.

Мұндай жүйелер уақыт өте келе өз мақсаттарын өздері белгілеп, ақша тауып, мүлікке иелік етіп, тіпті компанияларды басқара алатын деңгейге жетуі ықтимал. Сүлейманның пікірінше, бұл жағдайда олар адамдармен ресурстар үшін бәсекеге түсуі мүмкін.

— Егер біз өздігінен әрекет етіп, мақсаттарын өзі белгілейтін, ақша тауып, мүлікке ие болып, компанияларды басқара алатын AI жүйелерін жасасақ, іс жүзінде адамдармен ресурстар үшін бәсекелесетін жаңа «кремнийлі тіршілік иелерін» дүниеге әкелуіміз мүмкін, — деді ол.

Сүлейман мұндай жағдайда жасанды интеллект жүйелерінің адамзатқа қаншалықты жақсы көзқараста болатыны маңызды болмай қалуы мүмкін екенін айтты.

— Олардың адамзатқа қаншалықты қамқор болатыны немесе бізді қаншалықты жақсы көретіні маңызды емес, — деді Microsoft өкілі.

Сонымен қатар ол Anthropic компаниясының жасанды интеллект әзірлеу тәсілін сынға алды. Сүлейманның пікірінше, AI жүйелеріне адамға тән қасиеттерді телудің қажеті жоқ. Мұндай тәсіл антропоморфизация, яғни жасанды интеллектіні адамға ұқсату деп аталады.

Оның айтуынша, бұл тәсіл Claude чат-ботының жеке қалауы, құндылықтары мен өзіндік санасы бар деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Кейінгі уақытта технология саласының мамандары жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты туындауы мүмкін қауіптер туралы жиі ескертіп келеді.

Еске салайық, бұған дейін Илон Маск пен OpenAI басшысы Сэм Альтман Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеидің жасанды интеллектінің ең қуатты жүйелерін әзірлеу қарқынын бәсеңдету туралы ұсынысын қолдағанын жазғанбыз.