Жасанды интеллект – болашақтың бөлшегі – Ғасыр Құралбайұлы
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жасанды интеллект – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Қоғамда оның әлеуетіне қызығушылық пен алаңдаушылық қатар байқалады. Ол біздің жұмысымызды, өмір салтымызды қалай өзгертеді? Қандай қауіптері бар? Осы және өзге де сауалдарға web бағдарламаушы, ЖИ сарапшысы, ұстаздарға арналған smart.gassyr.kz платформасының авторы, «Түркістан сақшылары» мультфильмінің жасампазы Ғасыр Құралбайұлы жауап берді.
– Ғасыр Құралбайұлы, жасанды интеллектінің қоғамға тигізетін пайдасы мен қауіптері қандай? Ол құрал ретінде дұрыс қолданылмаса, қандай салдары болуы мүмкін?
– Жасанды интеллект – бұл құрал. Қауіп оны қалай және кім қолданатынына байланысты. Егер ол заң мен этика аясында дұрыс пайдаланылса – қоғам үшін өте пайдалы. Бірақ бақылаусыз дамыса, кері әсері де болуы мүмкін. Жасанды интеллект адамзаттың құндылықтары мен этикалық шекарасын ескерместен дами берсе, онда біз өзіміз түсінбейтін және басқара алмайтын жүйелерге тәуелді болып қалуымыз мүмкін. Дегенмен, жасанды интеллекттен қорықпауымыз керек. Бұл – болашақтың бөлшегі. Технологиялық прогресті тоқтата алмаймыз. Ең дұрысы – оны меңгеру және өз қажетімізге бейімдеп пайдалану.
Жасанды интеллекттің негізгі тиімділігі – жылдамдық, нақты шешім қабылдау және ресурсты үнемдеу. Мысалы, үлкен деректерді бұрын адам бірнеше күн талдайтын болса, жасанды интеллект оны бірнеше секундта орындай алады.
Бүгінгі күні біз жасанды интеллектті түрлі салаларда көріп отырмыз. Мәселен, медицинада – диагноз қоюда көмекші құрал ретінде, кейде тіпті дәрігерлерден де дәл бола алады. Ал, білім беру саласында – оқушылардың деңгейін анықтап, оларға жеке бағдарлама құра алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект адамның физикалық әрі зияткерлік жүктемесін азайтады. Бұл адамдардың шығармашылық және күрделі ой еңбегіне көбірек уақыт бөлуіне жол ашады. Яғни, жасанды интеллект – адамның орнын басатын емес, оның мүмкіндіктерін арттыратын құрал деп қарауымыз керек.
– Жасанды интеллект кейбір мамандықтарды жойып, жаңаларын туғызады деген пікірді қалай қабылдайсыз? Қайта бейімделу және жаңа дағдыларды меңгеру ХХІ ғасыр адамы үшін маңызды ма?
– Иә, расында да, жасанды интеллекттің дамуы кейбір мамандықтардың біртіндеп жойылуына әсер етіп жатыр. Әсіресе қайталанатын, стандартты функциялар атқаратын салаларда — мысалы, кассирлер, операторлар, тіпті кейбір бухгалтерлік жұмыстарда жасанды интеллект қолданылып жатыр. Бұл – жаңа технологияның келуіне тән табиғи процесс. Бірақ бұл тек жұмыссыздық әкеледі деп алаңдауға болмайды.
Керісінше, жасанды интеллект жаңа жұмыс орындарын да тудырып жатыр. Мысалы, «жасанды интеллект тренері», «помпт-инженер», «алгоритм этикасы сарапшысы» деген секілді бұрын мүлде болмаған мамандықтарды көріп отырмыз. Сондай-ақ, жасанды интеллектті дұрыс пайдалана алатын білікті мамандарға сұраныс жылдан жылға артып келеді.
Ең маңыздысы — адамдардың осы өзгерістерге бейімделуі. Бүгінгі таңда ең үлкен сұранысқа ие қабілет — бұл жаңа нәрсені тез үйрене білу. Сондықтан мемлекеттер мен оқу орындары еңбек нарығындағы бұл өзгерістерге бейімделіп, қайта даярлау курстарын, кәсіби бағдарлауды күшейтуі керек деп ойлаймын.
Қысқаша айтқанда, жасанды интеллект тек жұмыс орындарын жоймайды, ол жұмыстың сипатын өзгертеді. Ал бізге маңыздысы — осы өзгерістерге дайын болу.