Жасанды интеллект еңбек кітапшаларын оқып, зейнетақы тағайындауға қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектіні тағы бес бағыт бойынша енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлім етті.

Фото: sud.gov.kz

Министрдің айтуынша, үшінші тоқсанда жасанды интеллект жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдама беру кезінде қолданыла бастайды.

— Жүйе жұмыс іздеушінің деректерін автоматты түрде талдап, оның біліктілігі мен қажеттіліктеріне сәйкес қолдау шараларын іріктейді. Жұмыс іздеушінің сәйкестігін бағалау, қажетті қолдау құралдарын таңдау және азаматтың бейініне қарай жеке ұсынымдар қалыптастыру жоспарланып отыр, — деді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ ЖИ кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауда да қолданылады. Бұл ретте жүйе медициналық деректерді талдап, азаматтың еңбекке қабілетін жоғалту деңгейін ескере отырып, шешім жобасын әзірлейді.

Ал төртінші тоқсанда сканерленген еңбек кітапшаларын автоматты түрде тану технологиясын енгізу жоспарланған. Сонымен бірге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынымдар қалыптастыруға ЖИ қатысады.

Бұдан бөлек, ведомство кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі саласына да ЖИ енгізуді көздеп отыр. Жаңа жүйе өндірістегі еңбек тәуекелдерін талдап, қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мүмкін бағыттарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

— Біз жекелеген өтініштермен жұмыс істеуден азаматтардың өмірлік жағдайларын сүйемелдеуге біртіндеп көшіп жатырмыз. Біз үшін негізгі нәтиже рәсімдер саны емес, нақты адамға қажетті көмектің уақтылы және атаулы түрде көрсетілуі маңызды, — деді Асқарбек Ертаев.

Бұған дейін Еңбек министрі атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждарды, мүгедектік топтарын ЖИ анықтайтынын айтқан еді.