Жасанды интеллект Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер етеді

Фото: Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқұлақов агенттіктің «Bizdin orta» подкастында айтып берді.

– Екі жыл бұрын біз Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, сапалы жұмыс орындарын таргеттеуге баса көңіл бөлдік. Қазіргі таңда сапалы жұмыс орындарының саны 2,4 млн болса, оны 2030 жылға дейін 3,8 млнға жеткізу керек, яғни әрбір екінші жұмыс орны сапалы болуға тиіс. Мұның төрт қағидасы бар: жалақысы жақсы болуы керек, кемінде 6 ай тұрақты жұмыс істеуі керек, жарақат алмау керек және зейнеттік аударымдары мен сақтандыруы болуы керек, - деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, еңбек нарығында көптеген өзгерістер болып жатыр, әсіресе жасанды интеллект қарқынды дамып келеді.

– Біздің тұжырымдамаға сәйкес, жасанды интеллектінің қандай да бір мамандықты жою қаупі төмен, бірақ мәтін жазу, консультация беру сияқты кейбір дағдыларымызды жоюы мүмкін. Сол себепті біздің пайыздауымызша ЖИ елдегі 1,2 млн жұмыс орнына ықпалын тигізеді, - деді Ш. Байқұлақов.

Сонымен бірге, спикер елімізде фриланс секторы дамып келе жатқанын, қазір 500 мың – 1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығанын айтуда.

Сондай-ақ, такси, жеткізу қызметі секілді платформалар жұмыс беруші болып саналып, жұмысшылардың әлеуметтік жарналары мен салықтарын төлеуге міндеттелді.

Бұған дейін подкаст қонақтары жаңа зумерлер буынының еңбек нарығына қалай әсер ететінін талқылаған еді.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы жаңашылдықтарға бейімделу үшін елімізде қандай заңнамалық өзгерістер болғанын айтып берді.