– Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.
– Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Тоқаев өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқанын хабарлады.