Жасанды интеллект медицинада диагноз қоюда адамнан озып кетті

Фото: Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM – Гарвард және Стэнфорд университеттері ғалымдарының бірлескен зерттеуіне сәйкес, жасанды интеллект адамдарға қарағанда дәлірек диагноз қоя алады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

— Жансақтау бөлімінде пациент қабылдау кезінде жасанды интеллекттің диагноз қою дәлдігі 79,7 пайызға жетті, ал үздік мамандарда бұл көрсеткіш 75,9 пайыз болды. Жасанды интеллект әсіресе уақыты шектеулі, ауру тарихын толық талдауға мүмкіндік жоқ күрделі жағдайларда жақсы жұмыс істеді, — делінген зерттеу нәтижесінде.

Қате қойылған диагноздар салдарынан әлемде шамамен 10 пайыз науқас қайтыс болуы мүмкін. Ал АҚШ-та дұрыс қойылмаған диагноздар өлім себептері арасында алдыңғы орындардың бірін алады. Осыған байланысты зерттеушілер диагноз қоюда көмек ретінде жасанды интеллектіні енгізуге тырысты, оны кеңесші ретінде қарастырды. Алайда бұл диагностика сапасын жақсартқан жоқ, себебі дәрігерлер көбінесе жасанды интеллект қорытындыларына сенбейді.

Бұған дейін Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми‑зерттеу институты коронарлық артерияларды зерттеуге арналған жасанды интеллекті бар жаңа буын тамырішілік ультрадыбыс (ТІУДЗ) жүйесін клиникалық тәжірибеге енгізгенін жазғанбыз.