ЖИ шалғай ауылдарға сапалы білім жеткізеді
12 мамырда Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Министрдің айтуынша, бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған.
– Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар. Оның 2600-і – шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер. Бұл – көбіне шекара маңындағы және алыс аймақтардағы білім ошақтары. Біз оларды жаппаймыз, өйткені олар әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Алайда мұндай мектептерге мұғалімдер бара бермейді. Қазір жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мыңнан астам педагог жетіспейді. Себебі кей пәндер бойынша сағат саны аз. Сондықтан ауыл балалары физика, химия, биология пәндерін сапалы меңгеруі үшін жасанды интеллект технологияларының мүмкіндігін пайдалануымыз қажет, – деді министр.
Пилоттық жоба 1 қыркүйекте басталады. Алғашқы кезеңде 500 шағын мектеп қамтылады. Бір жылдан кейін қалған білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен қосу көзделіп отыр.
Сондай-ақ шалғай ауылдардағы оқушылар үшін еліміздің үздік педагогтерінің онлайн видеосабақтары қолжетімді болады. Жасанды интеллект оқушының сабақты көрген-көрмегенін және тапсырманы орындау деңгейін талдай алады.
Баланың көңіл-күйін анықтайтын ЖИ-камералар
Соңғы екі жылда министрлік білім беру саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізген. Қазір ведомство ұсынатын 64 мемлекеттік қызметтің 41-і eGov платформасы арқылы онлайн қолжетімді. Былтыр миллионнан астам оқушы аттестатын өз бетінше жүктеп алған. Сондай-ақ балабақшаға кезекке тұру, 1-сыныпқа қабылдау және мектеп ауыстыру қызметтері де онлайн форматқа көшірілген.
Министрдің сөзінше, жаңадан ашылған «Келешек мектептеріне» жасанды интеллектісі бар камералар орнатыла бастаған. Олар оқушылардың көңіл-күйін, буллинг пен әлімжеттік белгілерін анықтай алады. Бұл ақпарат мектеп мұғалімдері мен психологтарына қолжетімді болады.
– Негізгі мақсат – білім сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану. Біз барлық мектепті, 3,9 млн оқушы мен 460 мың мұғалімнің дерегін цифрландыруымыз қажет. Әр оқушының цифрлық профилі қалыптасады. Онда қандай пәндерді қалай оқығаны, қандай қосымша білім алғаны көрсетіледі. Болашақта жоғары оқу орындары грант бөлу кезінде осы профильдерді ескеретін деңгейге жетуіміз керек, – деді Ж. Сүлеменова.
Биылдан бастап мектептерде жасанды интеллект туралы элективті курс енгізіледі. Сонымен қатар 1-сыныптан бастап «ЖИ және ақпараттық сауат» пәні кезең-кезеңімен оқытылады.
– Басты міндет – балаға ChatGPT адам еместігін, тек алгоритмдер жиынтығы екенін түсіндіру. Қазір министрлік жанындағы Ұлттық білім академиясы жасанды интеллектіні қолдану этикасын, академиялық адалдық пен антиплагиат жүйесін әзірлеп жатыр, – деді ол.
ЖИ мұғалімді алмастыра ала ма?
Министр ұстаздардың да цифрлық профилі жасалатынын айтты. Қазіргі уақытта мұғалімдер портфолио жинау артық жүктеме екенін айтып жүр.
– Сондықтан педагогтің сағаты, оқушыларының олимпиада нәтижелері мен жетістіктері автоматты түрде көрінетін цифрлық жүйе құрамыз. Сонымен бірге, жасанды интеллект әр пән бойынша оқушының қай тақырыпты түсінбей қалғанын да біле алады. Келесі тақырыпқа өткізбей, қосымша тапсырмалар беріп, тақырыпты түсінуін жіті қадағалайды, – деді министр.
Министрлік қазірдің өзінде OpenAI компаниясымен бірлесіп, 200 мыңға жуық мұғалімді оқытып жатқанын хабарлады. Педагогтерге арналған екі айлық курста ЖИ құралдарын пайдалану, prompt engineering негіздері және жаңа технологиялардың мүмкіндіктері үйретіледі. Қыркүйектен кейін тағы 200 мың мұғалімді оқыту жоспарланған.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект ешқашан мұғалімнің орнын баспайды.
– Жасанды интеллект – тек құрал. Ол сабақ жоспарын құру, үй тапсырмасын тексеру, емтихан материалдарын дайындау сияқты жұмыстарды жеңілдетеді. Бұл мұғалімдерді бірнеше сағатқа созылатын артық жүктемеден босатып, шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді министр.
Сыныпта смартфон ұстаудың ортақ ережесі жасалады
Министрлік смартфон қолдануға қатысты стандарттарды да қайта қарастырып жатыр. Атап айтқанда, барлық тілдік пәндерде диктант, мазмұндама және шығарма жазу қайта енгізіледі.
– Қазір оқушы мәтінді өзі жазды ма, әлде жасанды интеллект көмегімен орындады ма, анықтау қиын. Ал диктант пен мазмұндама баланың грамматикалық сауатын дамыту үшін қажет. Сонымен бірге, 1-5 сынып оқушыларына смартфон қолдануды шектеу мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді министр.
Бұған дейін смартфон ұстауға қатысты әр мектеп өз ішкі тәртібін бекітсе, енді Оқу-ағарту министрлігі бірыңғай ереже қабылдайды.
Қазір Мәжілісте 14-16 жасқа дейін әлеуметтік желіде аккаунт жүргізуге шектеу енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Министр қоғаммен және ата-аналар қауымымен 7-сыныпқа дейін смартфонды сабақта пайдалануға шектеу қою мәселесі талқыланатынын айтты.
Еске сала кетсек, Үкімет 1 шілдеге дейін Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің 2029 жылға дейінгі кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту керек. 1 тамызға дейін мектептер техника тұрғысынан жарақтандырылып, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады.