Жасанды интеллект пен саясат: Швеция премьерінің әрекеті қоғамда қызу пікір туғызды
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон саяси мәселелер бойынша әртүрлі көзқарастар мен балама ойларды салыстыру үшін жасанды интеллектті, соның ішінде ChatGPT және француздық LeChat сияқты чат-боттарды үнемі қолданатынын мәлімдеді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ жазды.
Оның айтуынша, жасанды интеллект оған жаңа идеялар туындатуға және мәселелерге балама көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Мұндай технологияларды пайдалану кейбір сарапшылардың алаңдаушылығын туғызған. Умео университетінің профессоры Вирджиния Дигнумның айтуынша, жасанды интеллектіге шамадан тыс сенім арту саясаткерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін төмендетуі мүмкін. Оның пікірінше, ЖИ — өзіндік пікірі жоқ құрал және тек ол жасаушылар ұсынған деректерді қайта өңдейді.
— Мәселе мынада: шешімді швед халқы сайлаған саясаткерлер қабылдай ма, әлде Кремний алқабындағы технологиялық алпауыттар біздің болашағымызды басқара ма? Ол қарапайым мәселелерде жасанды интеллектіге неғұрлым көп сүйенсе, соғұрлым бұл жүйеге деген соқыр сенім арта түседі. Бұл — өте тайғақ жол. Біз қабылданатын шешімдердің шынайылығы мен сенімділігіне кепілдік беруді талап етуіміз қажет — сіздер ChatGPT үшін дауыс берген жоқсыздар ғой, — дейді В. Дигнум.
Ал Сёдертёрн университетінің медиатехнология профессоры Франсис Ли премьер-министрдің бұл бастамасына оң баға береді. Оның пікірінше, ЖИ-ді қолдану — адам өз ұстанымдарын сын көзбен қарап, балама ойларды ескеруге мүмкіндік алатын пайдалы құрал.
Сонымен қатар, ол Швеция мен Еуропада өздерінің тілдік модельдерін әзірлеудің маңызын атап өтті. Бұл — АҚШ платформаларына тәуелділікті азайтып, мәдени және саяси егемендікті сақтау үшін қажет.
Осыған дейін хабарланғандай, Швецияда билеуші партиялар әйелдердің қолдауынан айырылып жатыр.