Жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелері талқыланған пікірсайыс бәсекесі өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ауқымды пікірсайыс турнирі өтті. Жоба аясында қатысушылар жасанды интеллект, цифрландыру және әлеуметтік мәселелер бойынша пікір таластырды. Осылайша олар сыни ойлау мен дәлелді дискурс мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматыда Narxoz University ұйымдастыруымен «TEO CUP XV» республикалық пікірсайыс бәсекесі өтті. 11–12 сәуір күндері болған додаға еліміздің әр өңірінен 136 фракция, яғни 272 спикер қатысты. Жалпы 700-ге жуық адам жиналды.

Жобаның мақсаты – жас буынның сыни ойлау қабілетін дамыту. Интеллектуалдық жарыс мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейі бойынша еліміздегі ең ірі студенттік және мектепаралық жобалардың бірі болды.

Фото: Narxoz University

Бәсеке бірнеше форматта ұйымдастырылды. Алғашқы интеллектуалдық кезеңде – БПФ форматындағы төрт іріктеу раунды өткізілді. Әр раундта студенттер ұсынған аргументтер деректерге негізделіп, аналитикалық құрылым арқылы жеткізілді.

Одан кейін жарыс іріктеу кезеңдері, плей-офф және финалдық раундтармен жалғасты. Сондай-ақ қатысушылар үшін зияткерлік ойындар мен қосымша іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «TEO CUP XV» пікірсайыс алаңының тақырыптары кездейсоқ таңдалған жоқ. Бәсекенің мазмұны Мемлекет басшысы ұсынған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдаудағы стратегиялық бағыттарға негізделген.

Жарыс барысында қатысушылар тек теориялық пікір алмасумен шектелмеді. Олар нақты кейстерге сүйене отырып, жасанды интеллекттің экономикаға, еңбек нарығына, білім беру жүйесіне және мемлекеттік басқаруға ықпалын терең талдады. Осылайша пікірсайыстың классикалық форматы заманауи policy discussion деңгейіне көтерілді.

Фото: Kazinform

Пікірталас барысында ел болашағына қатысты маңызды ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, цифрлық теңсіздікті азайту, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және ұлттық деректер инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар тың идеялар ұсынылды.

Қорытындысында жеңімпаздар анықталды. Жобаның жалпы жүлде қоры 1 млн 140 мың теңгені құрады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақымен қатар білім гранттары табысталды. Мектеп лигасының үздіктері Narxoz University-дің білім гранттарын иеленді. Ал жекелеген қатысушыларға шетелдік жоғары оқу орындарында оқу үшін жеңілдіктер берілді.

Айта кетейік, елордада жас ғалымдардың халықаралық сайысы өтті.