Жасанды интеллект саласында 25 білім беру бағдарламасы әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллект саласына кадр даярлауға қатысты түсінік берді.
- Қазіргі кезде 20 жоғары оқу орны жасанды интеллект саласында 25 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Олардың арасында: «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы», «Кибернетика және жасанды интеллект», «Медицинадағы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және деректерді талдау», «Смарт технологиялар және көлік машина жасаудағы жасанды интеллект», «Компьютерлік ғылым және жасанды интеллект» және басқа да бағыттар қамтылған. Жаңа білім беру бағдарламалары арқылы түлектер Python бағдарламалау, кітапханалармен және фреймворктармен жұмыс (TensorFlow, Keras, PyTorch), деректерді талдау және визуализация (Pandas, NumPy, Matplotlib, Seaborn), дерекқорлармен жұмыс (SQL, NoSQL), ЖИ шешімдерін бизнес-процестерге интеграциялау, нейрондық желілерді әзірлеу және енгізу, ЖИ көмегімен процестерді автоматтандыру және басқа да бағыттарды меңгереді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, қазір жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп жасанды интеллект саласында кадрларды даярлау жүргізіліп жатыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлесіп, «AI Architect» (ЖИ сәулетшісі) және «Data Management» (Деректерді басқару) бағыттары бойынша қос диплом бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және CityU арасында ынтымақтастық туралы меморандум аясында ЖИ саласындағы компьютерлік ғылымдар бойынша бакалавриаттың қос дипломды бағдарламасын және «Machine Learning & Data Science» магистратура бойынша мамандар даярлау іске асырылып жатыр.
- Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ салаларды тұрақты дамыту үшін деректерді зияткерлік талдаумен байланысты жобаларды іске асырады. Агротехнологияларда, экологиялық мониторингте, финтех-шешімдерде машиналық оқытуды қолдану, ЖИ-жүйелерін әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осы жылы университеттің ЖИ бойынша ұлттық бастамашыл жобаларға қатысуында маңызды кезең болды, - деп аталып өткен Ғылым министрлігі ақпаратында.
2024-2025 оқу жылынан бастап «Машина жасаудағы смарт-технологиялар және жасанды интеллекті» инновациялық білім беру бағдарламасы іске асырылып келеді. 2025-2026 оқу жылында University Alliance of Science and Technology компаниясымен бірлесіп әзірленген «Жасанды интеллекті» жаңа білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау басталады. Ол қызметтің әртүрлі салаларында күрделі міндеттерді шешуге қабілетті жасанды интеллекті саласында терең білімі мен құзыреті бар жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Бұған дейін құрылыс барысын бақылауды дрон және жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асыру ескерілгенін жазған едік.