«Mayo Clinic Proceedings: Digital Health» журналында жарияланған Klick Labs зерттеуі бойынша, жасанды интеллект қойған диагноз дәлдігі әйелдерде – 89%, ерлерде – 86% болған.
«Біздің зерттеу 2-типтегі диабетке шалдыққан және диабеті жоқ адамдардың дауысында айтарлықтай айырмашылық болатынын анықтады, - деп атап өтті зерттеу авторларының бірі Джейси Кауфман.
Ол «енді диабетті анықтау жеңілдей түседі», деп толықтырды.
«Қазіргі диабеттің бар-жоғын анықтау тәсілдері көп уақыт, жол мен шығынды қажет етеді. Дауыс технологиялары осы кедергілерді толығымен жоюға қабілетті», - деп атап өтті Кауфман.
Зерттеушілер 2-типтегі диабетке шалдыққан және сау 267 адамнан смартфондарына екі апта ішінде күніне алты рет сөзін жазып отыруды сұрады. 14-тен аса акустикалық ерекшелікті анықтау үшін 18 000 астам жазба талданды. Ол диабеті бар және жоқ адамдарда әртүрлі болған. Сондай-ақ қатысушылар денсаулығы, жасы, бойы мен салмағы сынды негізгі деректерді ұсынды.
Дыбысты өңдеу технологиялары дауыстың адам құлағы қабылдай алмайтын белгілі бір ноталарын бөліп шығарды.
«Зерттеу 2-типтегі диабет пен басқа да ауруларды анықтауда дауыс технологиялары маңызды екенін анықтады», - деп мәлімдеді Klick Labs президенті әрі бас зерттеуші Ян Фоссат.
«Дауыс технологиялары денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі өзгертіп, цифрлық скринингтің қолжетімді әрі арзан құралына айналуы мүмкін», - деп толықтырды ол.
Klick Labs зерттеушілері тәжірибені қайталап, дыбыс технологиясын адамның диабет алдындағы жағдайын, гипертония және басқа да ауруларын анықтау үшін пайдалану мүмкіндігін кеңейткісі келеді.