Жасанды интеллект Тынық мұхитындағы жасырын жер сілкіністерін анықтай бастады
БАКУ. KAZINFORM — АҚШ-тағы Вашингтон университетінің зерттеушілері Тынық мұхитындағы жасырын жер сілкіністерін анықтайтын инновациялық технология әзірледі. Бұл жүйе жасанды интеллект әдістерін пайдаланады, деп жазды AZƏRTAC шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап.
Каскадия субдукция аймағы, онда Хуан-де-Фука тақтасы Солтүстік Америка тақтасының астына кіріп жатыр, Тынық мұхитындағы ең сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі саналады. Мұхит түбіндегі жарықтарды бақылау – өте күрделі процесс, ал қазіргі қолданылып жүрген әдістер толыққанды талдау жасау үшін жеткілікті дерек бере алмайды.
Осы проблеманы шешу үшін ғалымдар таратылған акустикалық зондтау (DAS) әдісін сынақтан өткізді. Бұл тәсіл мұхит түбіндегі дірілдерді оптикалық талшықты кабельдер арқылы тіркеуге негізделген. Зерттеушілер осы кабельдерден алынған мәліметтерді жинап, ал жасанды интеллект алыстағы, дәстүрлі әдістермен анықталмайтын жер сілкіністерін тіркейді. Әсіресе, әлсіз жер сілкіністері немесе эпицентрі кабельден алыс орналасқан дүмпулер көбінесе мұхиттағы шуылдың фонында байқалмай қалады, деп жазады Seismological Research Letters журналы.
Жаңа жасалған алгоритм сигналдарды 2,5 есе күшейтіп, оларды анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаны оқыту кезінде ғалымдар 2023 жылы Аляскадағы Кук шығанағында тіркелген 285 жер сілкінісінің деректерін қолданған. Соның арқасында олар сигналдарды бақылап, жер сілкіністерінің эпицентрін нақты анықтай алды.
Айта кетерлігі — бұл жүйе портативті және есептеу қуатын көп қажет етпейді, яғни оны кез келген жерде оңай қолдануға болады.
Ал Қазақстанда 1 тамыздан бастап ChatGPT-ге жазылу құны ҚҚС-қа байланысты қымбаттайды.
OpenAI нақтылауынша, Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер салық төлеуден жалтаруы мүмкін. Ол үшін аккаунттың салық деректері бөлімінде 2025 жылдың 1 тамызына дейін БСН көрсету керек. Әйтпесе, салық сомасы жеке тұлғалар үшін төлемге қосылады.