Жасанды интеллект vs журналист: Редакторлар не дейді

Коллаж: Kazinform/Freepik/Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект елдегі журналистердің жұмысын қаншалықты жеңілдетті? БАҚ-тың штат саясатына әсері қандай? Осы сұрақты елдегі бірнеше БАҚ-тың редакторына қойып көрдік.

Редакторларға мынандай бес сұрақ қойылды:

  1. Редактор ретінде жасанды интеллект көмегіне күніне неше рет жүгінесіз? Көбіне қай чатқа (ChatGPT, Microsoft Copilot, Gemini, Jasper Chat, Perplexity.ai) жазасыз?
  2. Редакция жариялайтын контенттің неше пайызы жасанды интеллект көмегімен немесе ЖИ негізінде жасалады?
  3. Редакция тілшілеріне ЖИ қолдануға 100 пайыз еркіндік берілген бе, әлде шектеулер бар ма? Шектеулер болса, қандай?
  4. Парламентте ЖИ көмегімен жасалған өнер туындысын, журналистік контентке «ЖИ» таңбасын қою керек деген норма ұсынып жатқандар бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?
  5. ЖИ-дің дамуы бүгінге дейін редакцияның штат санына әсер етті ме? Болашақта журналистердің, SEO мамандардың, бильд-редакция қызметшілерінің орнын ЖИ басуы қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Jibek Joly телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы:

1. Бір күннің ішінде редакторлар 5-10 рет ЖИ көмегіне жүгінуі мүмкін. Негізінен ChatGPT-ді қолданамыз.

2. Бүкіл материалды журналистердің өзі жазады. Тек қосымша мәліметтер іздеуге, кескіндер қалыптастырған кезде, тақырып таңдау сияқты жұмыста ЖИ көмегіне жүгінеміз.

3. Журналистерге ЖИ пайдалануда толық еркіндік берілген. Бірақ материалдың мәтінін өздері жазады. Редактор мұны мәтін стилінен-ақ анықтай алады.

4. «ЖИ» таңбасын қоюға міндеттеуді қолдаймыз.

5. Әзірге ЖИ-дің дамуы штат санына ешқандай әсер еткен жоқ. Келешекте ЖИ журналистердің, SEO-мамандардың, вижуал-контент бөліміндегі қызметкерлердің орнын басатын шығар деп есептеймін. Бірақ соның өзінде бірегей қолтаңбасы бар авторлық материалдарда басымдық болады деп ойлаймын.

Фото: Ә. Баймұхамедованың жеке мұрағатынан

Atameken Business медиахолдингі бас директорының орынбасары Әлия Баймұхамедова:

(Atameken Business телеарнасы елімізде бірінші болып ЖИ көмегімен Айсанж есімді виртуалды тележүргізушіге жаңалықтар оқытқан. Кейін ұжымның өз мамандары Айсанжды қазақ және орыс тілдерінде еркін, эмоциямен сөйлейтіндей синтездік деңгейге шығарып, медиахолдингтің меншікті бағдарламасын жазып шықты).

1. Негізі ЖИ-ге редактор да, журналист те үнемі жүгінеді, санап жатпаймыз. Бірақ олар тек көмекші құрал ретінде қолданылады.

2. Қазір контенттің шамамен 60-70 пайызы ЖИ көмегімен жасалады. Бізде енді телеарна болғаннан кейін көбіне бейнеконтент қой, 60-70 пайыз сол жақта ЖИ қолданылады.

3. Журналистерге ЖИ қолдану жағынан ешқандай шектеу жоқ, еркіндік берілген. Әрине оның сыртында редакциялық саясат бар. Бәрі соның аясында іске асады.

4. ЖИ көмегімен жасалған материалға «ЖИ» таңбасын қою керек дейтін ұсыныс дұрыс деп олаймын. Біз оны қолдаймыз. Жасанды интеллектіні пайдалану, оны таңбалау мәселесі бірінші болып Қытайда қолға алынған. Бұл елде ЖИ көмегімен жасалған суретке қатысты алғашқы сот процесі де болғанын оқығаным бар. Жалпы бізде бейнеконтентте «ЖИ арқылы жасалды» деп жазылады. Ал мәтін жазған кезде ЖИ аудару құралы ретінде, жүйелеуге көмекші құрал ретінде қолданылады.

5. ЖИ дамуы штат санына қатты әсер еткен жоқ. Керісінше, уақытты үнемдеді. Мысалы, 30 минутта, бір сағаттың ішінде дайындалуы мүмкін материалдар монтажымен, басқа да өңдеу процестерімен қосқанда 5 минутқа жетер-жетпес уақытта дайындалады. Сол жағынан жұмыс уақыты үнемделді. Бұл жерде ЖИ адамды алмастырады деп айта алмаймыз. Өйткені бәрібір ЖИ-ге пәрмен беретін, тапсырмалар жүктеп, орындатқызатын – адам. Сол үшін ЖИ қазір тек көмекші ретінде қолданылады, яғни біздің редакциядағы жұмыс толық автоматтандырылған деп айта алмаймыз. Белгілі бір командаларды орындауға қолайлы шығар, Бірақ ЖИ ұсынған көмектің өзін тексеріп, қадағалайтын, жүйелейтін адам керек.

Фото: М. Халинаның жеке мұрағатынан

Курсив сайтының бас редакторы Мира Халина:

1. GPT чатын күніне қанша рет қолданатыныма есеп жүргізбеппін. Десе де, бұл жасанды интеллект маған жоспарлауға көмектеседі. Кейде қандайда бір ақпаратты жинақтау үшін қолданам. Осы орайда айта кету керек, бұл жасанды интеллектің қазақ тіліндегі нұсқасы айтарлықтай мықты емес. Оның қазақша нұсқасында қателер мен кейде сәйкессіздіктер бар екені рас. Бұл құралды біз редакция жұмысында сынап, ақпаратты өңдеп көрдік. Өкінішке қарай оның көп көмегі тимеді. Егер біз мақалада жасанды интеллектің көмегіне жүгінсек, ол ақпаратқа міндетті түрде АІ белгісін қоямыз. Бұл - сайттың бұғатқа түсіп қалмауы үшін маңызды шарт. Ал редактор ретінде мен чатты жиі пайдаланам деп айта алмаймын. Ол - тек көмекші ғана. Оның жұмысын міндетті түрде тексеріп, салыстырып отыру қажет. Сондай-ақ оның қазақша нұсқасы әлі жетілдірілмегендіктен, мен көбінде GPT чатына орыс тілінде сұрау салам.

2. Біз пайызбен есептегенде, қаншалықты тиімді не тиімсіз екеніне есеп жүргізбедік. АІ мүмкндіктерін редакцияға келіп түскен релиздерді генерациялауға және өңдеуге пайдаланып көрдік. Әрине, ол ақпаратты тез өңдейді. Әйтсе де, қазақ тіліндегі жауабының сапасы 10%-ға жетпеді. Сол себепті біз жасанды интеллекті видеоконтент жасауда пайдаланғанды жөн көрдік. Мәселен, YouTube арнамыздағы видеоларды өңдеуде және дизайнда пайдаланамыз. Жасанды интеллект көмегімен дыбыстау тетіктерін де пайдаландық. Сол жағынан тиімді екені рас. Болашақта AI қазақшасы жетілдіріле түседі деп сенеміз.

3. Біз 100% AI арқылы жасалған материалды жарияламаймыз. Өйткені бұл - алгоритмдер үшін жарамсыз. Алгоритм жүйелері АІ арқылы әзірленген ақпаратты көрмейді. Сондықтан мәтінде ЖИ арқылы әзірленген ақпараттың үлесі небары 20 пайыздан аспауы керек. Мақаланы міндетті түрде автордың өзі жазғаны дұрыс. Өйткені қазақ тілінде жазылған авторлық контентті ешкім алмастыра алмайды. Ал ЖИ тиімділігінің орыс тіліндегі пайыздық көрсеткіші 70% деңгейінде. Бірақ уақыт өте келе бұл да өзгерер.

4. Толық келісем. AI арқылы өңдеген материалдарды таңбалау керек. Біз оқырманды алдамауымыз керек. Сондықтан да мен AI арқылы жазылған мақалалар, жарнама болсын, релиз болсын, автордың өзі АІ көмегімен жазған ақпарат болсын - таңбалануы тиіс деп санаймын. Біз оқырмандарымызға адал болуымыз керек.

5. Дәл қазір мамандар толықтай машиналармен ауыстырылады деп айта алмаймыз. Қандай жағдай болмасын автордың жұмысы, БАҚ-тағы қызметі АІ-мен ауыстырылуы екіталай деп ойлаймын. Өйткені АІ-де сезім мен эмоционалдық интеллект жоқ. Дегенмен, мен АІ-дің болашақта нақты мамандықтарды алмастыратынын да жоққа шығара алмаймын. Математика мен есептеуге қатысты салаларда алмастыра алатыны сөзсіз. Алайда шығармашылықта оның адамды алмастыруы қиындау болатын секілді. Бірақ кім біледі? Ешкім де сақтандырылмаған. Жоғарыда айтып өткенімдей, заман тез өзгереді. Оны уақыт өте көрерміз. Бір білетінім, оқырманға машиналар емес, авторлар керек. Оқырман мақаланы оқып отырып оны автор жазғанын білуі керек.

Фото: С. Ибраеваның Facebook парақшасынан

Ulysmedia ашық ақпарат алаңының бас редакторы Самал Ибраева:

1. Әрине, жасанды интеллектіні жұмыста қолданамыз. Онсыз болмайды. Бірақ орыс тіліндегі мәтіндерді кодтағанда көбірек қолданамыз. Ал қазақша мәтінді бәрібір редакторлар бар, тілшілер бар, бәрі өздері жасауға тырысады.

2. Қазір редакция жариялайтын контенттегі жасанды интеллектінің үлесі бір 10 пайыздай шығар. Осы сұрағыңызға жауап беру барысында өзімнің консервативті адам екенімді түсініп отырмын. ІТ мамандармен бірге Ulysmedia үшін арнайы бағдарлама жасақтайық деп отырмыз. «Админкаға» (сайттағы материалды беттеп, әрлеп, жариялауға дайындайтын платформа – ред.) толық анализ жасап отыратындай қылып платформа құрайық деп жатырмыз.

3. Әзірше контентті 100 пайыз түгіл 50-60 пайыз жасанды интеллект өнімімен толтыруға дайын емеспін. Сондықтан мен редактор ретінде шектеу қоям. Жасанды интеллектпен жасалған ақпаратты бәрібір редакторлар үстінен қарап, тексеру керек, өңдеу керек. Сараптамалық материалдарды журналистер толық өздері жазады. Мысалы, шенеуніктерге қоятын сұрақтардың бәрін өзіміз жасақтаймыз. Бұл тұрғыда жасанды интеллектіге сене алмаймын. Жасанды интеллект күн тәртібінде қандай проблема бар екенін сүзіп бере алады ғой, бәрібір қойылатын сұрақтар мен көтерілетін тақырыптарды редакция болып талқылаймыз. Шенеуніктерге жасанды интеллектіге сүйене отырып сұрақ қоямыз, жасанды интеллектінің арқасында тақырыптар табамыз деп айта алмаймын. Оның бәрін өзім редактор ретінде қадағалап отырамын.

5. Бұрын журналистік сауалдарды жіберетін бөлек маман болған. Қазір ондай маман жоқ. Оны бізде жасанды интеллект толық өзі жасап отыр. Десек те журналистік зерттеулер жасағанда, сараптама материал әзірлейтін – журналист. Қолмен жазады, қолмен редакциялайды. Бәрібір журналистің жазғаны мен жасанды интеллект жазған материалдың айырмашылығы бар. Әрине, қара жұмысты жасанды интеллектпен жасауға тырысамыз, жасаймыз да - уақыт, ресурс үнемдейміз. Бірақ бәрібір соңғы штрихтің бәрін жасайтын – адам.

Дегенмен жасанды интеллект редакцияның штат санына әсер етті деуге болады. Қазір бізде сайттың көрсеткіштерін ЖИ жасайды. Мысалы, күн сайын таңертең және кешке рейтинг мәліметтері, материалдардың оқылым деңгейін, оқырмандардың географиясын, SEO жұмыстарын ЖИ арқылы сараптап, қадағалап отырмыз.

Айтқанымдай, журналистік сауал жіберуге жауапты адамның орнын ЖИ басты. Алдағы уақытта да оңтайландыру болады деп ойлаймын. Мысалы, бұрын корректор қажет болса, қазір ол жұмысты ЖИ атқара береді. Бірақ бұл - ЖИ арқасында журналистерді толық қысқартамыз деген сөз емес. Айтып отырмын ғой, бәрібір жарияламай тұрып редактор түзеп, күзеп шығады. Мен консервативті редактормын, консервативті басшымын. Бүкіл жұмысты ЖИ-ге көшіреміз деп айта алмаймын. Әзірге ондай қадамға дайын емес екенмін. Өткені өзім де талапшылмын, оқырман да талапшыл.

Фото: А. Досмадиярованың жеке мұрағатынан

«Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігінің бас редакторы Алтынай Досмадиярова:

1. ЖИ-мен жұмыс істеу күнделікті тәжірибемнің бір бөлігіне айналды. Орта есеппен күніне 2-3 рет түрлі міндеттер үшін жүгінемін. Атап айтқанда, талдау жасағанда, кілт сөздермен жұмыс, материалдың алғашқы құрылымын жасау немесе шетелдік контентті сараптау кезінде.

Ең жиі қолданатын құралым — ChatGPT. Себебі ол қазақ және орыс тілдерінде сапалы мәтін ұсына алады әрі жаңалық форматына бейімделуі өте икемді. Сонымен қатар Gemini мен Jasper Chat-ты креативтік контент үшін қолданамын.

2. ЖИ тікелей контент авторы ретінде пайдаланылатын материалдардың үлесі көп емес, шамамен 10-15%. Бірақ контенттің 40-50%-ы белгілі бір деңгейде ЖИ құралдарының көмегімен өңделеді және жетілдіріледі. Мысалы, тақырыптың іздеу сұраныстарына сәйкестігін тексеру, мәтіннің құрылымын оңтайландыру немесе инфографика идеясын ұсынуда ЖИ белсенді қолданылады.

3. Толық еркіндік жоқ. ЖИ-ді пайдалану — қолдау табатын үрдіс, бірақ редакциялық саясат шеңберінде нақты шектеулер бар. Мысалы, тілші ЖИ жасаған мәтінді сол күйі жариялай алмайды, ол редакторлық өңдеуден өтуге тиіс. Сосын қоғамдық-саяси, құқықтық және этикалық тақырыптарда ЖИ-ге негізделген деректерді пайдалануға болмайды. Тек ресми ақпарат көздері мен жеке дереккөздерге сүйенеміз. Авторлық жауапкершілік тек адамға жүктеледі, сондықтан ЖИ-дің көмегімен жасалған кез келген мәтін тілшінің жеке шығармашылық сүзгісінен өтуі шарт.

4. Бұл ұсынысты қолдауға болады, бірақ сақтықпен. Егер материал толығымен немесе айтарлықтай дәрежеде ЖИ көмегімен жасалса, оның арнайы белгіленуі оқырманның сенімін арттырады. Алайда бұл норманы асыра қолдану қауіпті. Өйткені көп жағдайда контенттің түпнұсқасын журналист өзі дайындайды. Ал ЖИ тек техникалық көмекші қызметін атқарады. Сондықтан «ЖИ белгісін енгізу — мазмұн мен үлеске қарай нақты регламентпен ғана мүмкін болуға тиіс. Әйтпесе бұл журналистің еңбегін автоматты түрде төмендетуге әкеп соғады.

5. Қазір біздің редакцияда ЖИ-дің дамуынан тікелей қысқарту болған жоқ. Біздің холдинг, керісінше, журналистерге жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйрету үшін арнайы оқыту ұйымдастырды. Осыдан кейін жұмысымыз әлдеқайда жедел әрі оңай бола түсті. Сонымен қатар, редакциямыздың 50 пайызы дерлік мультимедиялық форматқа көшті, бұл бағытта жасанды интеллект саласындағы біліміміз көп көмек беріп отыр. Біз оны әлеуметтік желілерге арналған видеоконтент жасау үшін де пайдаланамыз. Көбіне, жұмыс процесін тездетіп, соның арқасында кейбір міндеттерге аз ресурс жұмсауға мүмкіндік береді. Болашақта кейбір техникалық функциялар (мысалы, жаңалық агрегаторы, тақырып генераторы, базалық кілтсөз талдау) ЖИ арқылы атқарылуы мүмкін. Бірақ журналистиканың негізі – зерттеу, фактчекинг, мәтін стилі, этика – мұны тек адам ғана жасай алады. Сондықтан толық ауыстыру болмайды деп санаймын. SEO, SMM және бильд-редакция салаларында аралас модель дамуы мүмкін, яғни адам мен ЖИ бірлесе жұмыс істеп, бірін-бірі толықтырып отырады.

Айта кетейік, Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын мақұлдады.