Жасанды интеллект жер қойнауын барлауға қалай көмектесіп жатыр

Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде геология және жер қойнауын пайдалану саласында цифрлық трансформация жалғасып жатыр. Толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтып берді.

– Жыл соңына дейін геологиялық есептерді өңдеу және геологиялық зерделеу базасын қалыптастыру бойынша жасанды интеллект көмегімен жобаны іске асыру жоспарда бар. Жасанды интеллект сканерленген құжатты, есепті, кесте мен картаны таниды. Барлық мәлімет базаға жүктеліп, Big Data қалыптастырады. Жобаның алғашқы кезеңі, жүйе прототипін жасау және бастапқы Big Data базасын қалыптастыру болашақ даму үшін табысты іргетас болды. Big Data болашақта кен орындарын табу ықтималдығын болжау мен бағалауға арналған деректерді өңдеуді автоматтандырады, – деді Жәннат Дүбірова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, бірыңғай платформада мемлекеттік қызметтен бөлек, есепті онлайн тапсыру функциясы да қолжетімді. Бүгінде геология және жер қойнауын пайдалану саласында 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы жұмыс істеп тұр.

– Биыл жер қойнауын пайдаланушылар алғаш цифрлық форматта есеп тапсырды. Сонымен қатар келісімшарт мен лицензияны да цифрландыру бойынша жұмыс істелді. Қазір 3449 келісімшарт пен лицензия цифрландырылды. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп 2024 келісімшарт пен лицензия цифрландырылды, – деп толықтырды министрдің орынбасары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда құрылыс барысын дрон және жасанды интеллектінің көмегімен бақылайды.