Жасанды интеллект журналист жұмысын жеңілдетуі керек - Қанат Ысқақов

Фото: Камила Мүлік

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект журналистиканы алмастырмай, тек журналист жұмысын жеңілдетуі керек. Бұл туралы Astana Media Week 2025 аясында өткен пікірталаста Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді.

— Біз жасанды интеллектіні тек талдау, тереңдік пен мазмұн сапасын жақсарту мақсатында ілгерілетеміз. Алайда жаңа технологияларды аса мұқият және дәл қолдануымыз қажет, — деді ол.

Министрлік жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу негізін қалап жатыр. Оның ішінде алдағы уақытта қабылданатын ЖИ туралы заң да бар. Сонымен қатар, үкімет медиа өндірісінде нейрожелілерді қолдануды ынталандыруды жоспарлап отыр, бірақ бұл тек аналитикалық тереңдік пен мазмұнды арттырған жағдайда ғана жүзеге асырылмақ.

Euronews телеарнасының халықаралық тілшісі Денис Локтье де медиадағы AI жүйелердің дамуына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ChatGPT – ең танымал құралдардың бірі болғанымен, кәсіби медианың қажеттіліктеріне әрдайым сай келе бермейді.

— ChatGPT-ді қолдану ең дұрыс шешім емес. Қазір Еуропадағы бірнеше ірі медиа өздерінің жасанды интеллект жүйелерін жасап жатыр. Мысалы, Швецияның ұлттық телерадиокорпорациясы аудиторияға бейімделген контентті талдау мен жетілдіру үшін арнайы ЖИ жүйесін іске қосты, — деп түйіндеді Локтье.

Айта кетейік, бұған дейін OpenAI кірістірілген ChatGPT бар жеке браузері жайлы жазған едік.

Камила Мүлік